Мемлекеттің медсақтандыру жарнасын кімдер ала алады – ӘМСҚ жауабы

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Мемлекеттің медсақтандыру жарнасын кімдер ала алады – ӘМСҚ жауабы
ашық дереккөз

Бас ауырып, бауыр сыздағанда медицинаның көмегіне жүгінетініңіз белгілі. Бұл тұрғыда МӘМС жүйесінде «сақтандырылғаныңыз» маңызды. Егер «сақтандырылмаған» болсаңыз, оны қалай жүзеге асыруға болады? Мемлекет тарапынан кімдерге сақтандыру жарнасы төленеді? ӘМСҚ медициналық сақтандыруға қатысты осы және өзге де сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Елорда Инфо. Қандай медициналық көмек халыққа жаппай тегін көрсетіледі? Мемлекет бұрынғыша халықты тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) аясында базалық медициналық қызметтермен қамтамасыз етеді. Яғни жедел және шұғыл медициналық көмек (қажет болған жағдайда ауруханаға жатқызу); емханаларда қызмет көрсету (әлеуметтік маңызы бар және созылмалы ауруға шалдыққан адамдарды терапевтің, оның ішінде бейінді мамандардың қабылдауы және кеңес беру, зертханалық қызметтер, диагностика, емдеу, вакцинация, скринингтер, 1 жасқа дейінгі балаларды патронаждау, жүктілікті жүргізу); диагностика және емдеу: әлеуметтік мәні бар аурулар (туберкулез, АИТВ, психиканың бұзылуы, қатерлі ісіктер); негізгі созылмалы аурулар (диабет, артериялық  гипертензия, вирустық гепатит, ревматоидты артрит және т.б.); айналадағыларға қауіпті жіті жұқпалы аурулар. Сондай-ақ белгілі бір ауру мен жағдайлар бойынша диспансерлік есепте тұрған азаматтар тегін дәрі-дәрмек ала алады. Айта кетсек, емхана ТМККК пакеті бойынша медициналық көмек көрсетуден бас тартса, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы Қорға хабарласуы қажет. Медициналық сақтандыру жүйесінде уақытша мәртебені қалай алуға болады? Мемлекет медсақтандыру жөніндегі жарнаны тұрғындардың 13 жеңілдетілген санатына төлейді. Осылайша, әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындар МӘМС аясында медициналық көмекті тегін ала алады. Егер жеңілдігі бар санатқа жатқанмен, жүйеде сіздің мәртебеңіз «сақтандырылмаған» болса, сақтандыру жөнінде уақытша мәртебе алу керек. Оны медициналық ұйымға барып немесе өз бетіңізше алуға болады. Медициналық ұйымға барған жағдайда: 1-қадам. Науқас медициналық ұйымға барып, «сақтандырылмағаны» туралы құлағдар етеді; 2-қадам: Медициналық ұйымның маманы науқастың растайтын құжатын фотосуретке түсіреді немесе сканерлейді де, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жолдайды; 3-қадам: Қор 1 айға сақтандыру туралы мәртебе береді, яғни науқасққа сақтандырылғаны жөніндегі мәртебе беру туралы құжат жолданады. Медициналық ұйымға бармай, өз бетінше қалай сақтандырылуға болады? Уақытша сақтандырылу мәртебесін (жекелеген санаттағы тұлғалардың сақтандырылмағаны туралы белгілі болса) үйден шықпай-ақ Qoldau 24/7 қосымшасының көмегімен алуға болады. Аталған қосымша Android пен iOS платформасында да қолжетімді әрі қолдану оңай. Назарларыңызға Qoldau 24/7 қосымшасының көмегімен сақтандырылудың уақытша мәртебесін қалай алу жөніндегі инструкциясын ұсынамыз. – AppStore немесе Play Market-тен Qoldau 24/7 қосымшасын жүктеп алыңыз; – Жүйеде тіркеуден өтіңіз: электронды мекенжайыңызды, аты-жөніңізді, телефон нөміріңізді енгізіңіз; – Тіркеліп, жүйеге кіргеннен кейін төменгі оң жақ бұрыштағы «Бізге жазыңыз» батырмасын басыңыз; –  «Создание обращения» формасынан «Консультация» санатын таңдаңыз; – Одан кейін тұрғылықты өңіріңізді таңдаңыз; – «Текст обращения» алаңында міндетті түрде жеңілдік санаты мен өзіңіздің ЖСН нөміріңізді көрсетіңіз; – Сканерленген құжатты немесе растайтын құжаттың фотосуретін енгізіңіз. «Файлды енгізу» батырмасын басып, құжатты галереядан таңдаңыз немесе сол сәтте камераға түсіріңіз. – «Жіберу» батырмасын басыңыз. Егер толтыру сәтті орындалса, «Обращение успешно создано! Нажмите для закрытия окна» деген жазу шығады. Барлығы талапқа сай орындалса, сіздің мәртебеңіз МӘМС жүйесінде 30 минут ішінде жаңартылады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуден кім босатылды? Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуден кім босатылды және МӘМС жүйесіндегі мәртебе «сақтандырылмаған» болса, қайда жүгінуге болады? Жалпы, әлеуметтік осал санат ретінде анықталған азаматтар: Балалар; жұмыссыз ретінде тіркелген тұлғалар; жұмыс істемейтін жүкті әйелдер; жаңа туған немесе асырап алған бала 3 жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша демалыстағы адамдар; 18 жасқа толғанға дейін мүгедек баланы күтуді жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адамдар; I топтағы мүгедекке бала кезінен күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдар; зейнетақы төлемдерін алушылар, оның ішінде ҰОС қатысушылары мен мүгедектері; қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемелерінде (қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерді қоспағанда) сот үкімі бойынша жазасын өтеп жүрген адамдар); тергеу изоляторларында ұсталатын адамдар; жұмыс істемейтін оралмандар; «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II сатылардағы «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар; мүгедектер; орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын тұлғалар; жұмыс істемейтін мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар. Әлеуметтік мәртебе басқа мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен Қордың ақпараттық жүйесіне беріледі. Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі сақтандыру мәртебесі автоматты түрде беріледі. Егер сіз ресми түрде жұмыссыз болсаңыз, бірақ жұмыс тапсаңыз, мемлекет сіз үшін ақы төлеуді жалғастыра ма? Әрине, жоқ. Сіздің әлеуметтік мәртебеңіз автоматты түрде жалдамалы қызметкерге ауысады және мемлекет Сіз үшін аударымдар жасауды тоқтатады. Сондай-ақ егер ол ЖК ашса немесе өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат ретінде бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) төлей бастаса, мемлекет ол адам үшін ақы төлеуді тоқтатады. ЖОО студенттер туралы деректерді азаматтардың жеңілдікті санатына енгізу үшін Білім және ғылым министрлігіне, содан кейін ақпараттық жүйелерді ӘМСҚ-ға интеграциялау арқылы береді. Егер студент тізімге енгізілмесе және МӘМС жүйесіндегі мәртебесі «сақтандырылмаған» болса, оның себебін анықтау үшін өз ЖОО-ның деканатына жүгінуі қажет. Егер сіз 15 жеңілдік санатының біріне жатсаңыз, бірақ сіз МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған болсаңыз, себебін анықтау үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының бірыңғай байланыс орталығына жүгінуіңіз немесе өтінімді Qoldau 24/7 мобильді қосымшасына жолдауыңыз немесе өз өңіріңіздегі қордың филиалына жүгінуіңіз қажет. Әрбір жағдай себептері әртүрлі болғандықтан, жеке қарастырылады. Егер сіз сақтандырылмаған болсаңыз да, сіз мемлекет кепілдік берген тегін медициналық көмек пакетінде медициналық көмекке құқығыңыз бар екенін есте ұстағаныңыз жөн. Учаскелік дәрігер, педиатр, жалпы практика дәрігері мамандарының қабылдауы, дәрігерді үйге шақыру, жедел жәрдем, емхана мен стационар деңгейіндегі шұғыл көмек, әлеуметтік маңызы бар, жұқпалы ауруларды, онкологиялық ауруларды емдеу осы пакетке кіреді және сақтандырылған мәртебесіне қарамастан барлығына көрсетіледі. БЖТ-ны кімдер және не үшін төлеуі қажет? Бірыңғай жиынтық төлемді жеке қосалқы шаруашылық қызметкерлері, отбасылық кәсіпорындардың ақы төленбейтін қызметкерлері және жыл сайынғы айналымы 1 175 АЕК-тен кем немесе жылына 3,2 млн теңгеден кем қызметкерлері жоқ кәсіпкерлер төлей алады. Басқа жағдайда, бұл төлемді пайдалануға болмайды. Ел аумағында тұрақты тұратындарды және басқа елдерден атажұртқа оралған қандастарымызды қоспағанда, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар да жарналарды төлеушілер бола алмайды. Осы жылдың сәуір айында АЕК мөлшерінің ұлғаюына қарамастан, БЖТ мөлшері 1 АЕК немесе қалаларда тұратын жеке тұлғалар үшін – 2 651 теңге және басқа елді мекендерде тұратын жеке тұлғалар үшін – 0,5 АЕК немесе 1 326 теңге деңгейінде қалды. Салық кодексінің 775-бабына сәйкес, БЖТ есептеу және төлеу тәртібі тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына АЕК мөлшері негізінде белгіленеді. Төленген сома келесідей бөлінеді: 30 % – зейнетақы қорына, 40% – ӘМС қорына, 20% – әлеуметтік сақтандыру қорына, 10% – табыс салығын төлеуге кетеді. БТЖ төлемін жасаудың қандай жолдары бар? БТЖ төлемін жасаудың әртүрлі жолдары бар. Яғни екінші деңгейлі банктер мен олардың мобильді қосымшалары, «Халық банкі» терминалдары, KASSA 24, QIWI, медициналық мекемелердегі жедел төлем терминалдары, «Қазпошта» АҚ филиалдары, Kaspi.kz мобильдік қосымшасы арқылы төлеуге болады. Айта кетсек, өзін-өзі жұмыспен қамтыған төлеушілер үшін айыппұл мен өсімпұл қарастырылмаған. «МӘМС туралы» Заңның 5-бабының 3-тармағына сәйкес, қорға аударымдар және (немесе) жарналар төленбеген тұлғалар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек алу құқығын алу үшін қорға төленбеген кезең үшін, бірақ төлеу күнінің алдындағы он екі айдан аспайтын мерзімде жарналарды төлеуге міндетті. Сондықтан МӘМС пакетін пайдалану мүмкіндігі болу үшін сізге 1 қаңтардан бастап 2125 теңге мөлшерінде дербес төлеуші ретінде төлем жасау қажет. Егер сіз БЖТ үшін алғаш рет төлеген болсаңыз немесе салыстырмалы түрде жақында төлей бастасаңыз, бірыңғай ақпараттық жүйе 2020 жылдың қаңтарынан бастап алдыңғы айлар үшін жарналарды төлегенге дейін «сақтандырылмаған»  мәртебесін береді. Яғни, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жұмыс істей бастаған сәттен бастап. Егер сіз БЖТ-ны жыл басынан бастап үзіліссіз ай сайын төлесеңіз, бірақ бұл ретте сізде «сақтандырылмаған» мәртебесі болса, Халыққа қызмет көрсету орталығында («Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы) төлем өткендігін нақтылау қажет. Көбінесе жарналар төлеу кезінде қате көрсетілген деректер себеп болады. Болмаса, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының бірыңғай байланыс орталығына жүгіну қажет. Яки өтінімді Qoldau 24/7 мобильді қосымшасына жолдау керек. Өз өңіріңіздегі қордың филиалына жүгінуге де болады. Әрбір жағдай себептері әртүрлі болғандықтан, жеке қарастырылады. Жеке тұлғалар бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып саналады. Сонымен қатар төлем жүргізілген күннен бастап және бірыңғай жиынтық төлемді төлеу жүргізілген айдың соңғы күніне дейін «сақтандырылмаған» мәртебесін алады. Сондықтан төлемді уақтылы және ай сайын жүргізу қажет. Алайда мүмкін болса және төлеушінің қалауы бойынша келесі айлар үшін төлемдер жасауға рұқсат етіледі. Егер сіз сақтандырылмаған болсаңыз да, сіз мемлекет кепілдік берген тегін медициналық көмек пакетінде медициналық көмекке құқығыңыз бар екенін есте ұстаған жөн. Учаскелік дәрігер, педиатр, жалпы практика дәрігері мамандарының қабылдауы, дәрігерді үйге шақыру, жедел жәрдем, емхана мен стационар деңгейіндегі шұғыл көмек, әлеуметтік маңызы бар, жұқпалы ауруларды, онкологиялық ауруларды емдеу осы пакетке кіреді және сақтандырылған мәртебесіне қарамастан барлығына көмек көрсетіледі.