40 млн теңге залал келтірген: Астанада ХҚКО қызметкері 2 жылға сотталды


Астанада ХҚКО қызметкері ақпараттық жүйеге жалған мәлімет енгізгені үшін айыпталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2024 жылдың 8 қазанында Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері Т. деген азамат қасақана жалған мәліметті ақпараттық жүйеге енгізген. Ресей азаматының атынан белгісіз адам берген құжаттар негізінде жүйеге тіркеген. Берілген ЖСН-ге банкте шот ашылып, 40 млн теңге аударылды, осылайша Т. деген азамат мемлекетке залал келтірген.
Айыпталушы кінәсін мойындамады.
Сот айыпталушының екі баласы және бұрын-соңды соттылықтың болмағанын ескерді.
Т. есімді азаматты 3 жылға бас бостандығынан айырып,сондай-ақ Қазақстанда 2 жыл уақытша болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға ЖСН қалыптастыруға және түзетуге өтінім қабылдауға байланысты қызметпен айналысуға тыйым салынды. Рақымшылық жасау туралы заң бойынша мерзім 1/3 қысқартылды, осылайша астаналық әйел түзету колониясында 2 жыл өткізеді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Сара Қамзаева



