Астанада мектептер мен балабақшаларда инклюзияны қолдау кабинеттері ашылады
Астанада бірқатар мектептер мен балабақшаларда инклюзияны қолдау кабинеттері ашылады. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек мәлім етті, деп хабарлады Elorda.info.
Ерекше қажеттіліктері бар балаларды медициналық және білікті көмекпен барынша қамту үшін оңалту орталықтарының желісін кеңейту бойынша жүйелі жұмыс жүргіземіз. Биыл бірқатар мектептер мен балабақшаларда инклюзияны қолдау кабинетін ашуды жоспарлап отырмыз. Сол сияқты жаңа тұрғын үй кешендерінің бірінші қабатында әлеуметтік нысандарды, оның ішінде оңалту орталықтарын ашуды қарастырамыз. Мұндай орталықтардың ашылуын ата-аналар тағатсыздана күтетінін білемін, – деді әкім.
Бүгін елорда әкімі «Асыл Мирас» аутизм спектрі бұзылған балаларға арналған орталыққа барды.
Бұл – Болат Өтемұратов қоры әкімдіктің қолдауымен жүзеге асырған Астанадағы екінші орталық. Қазір мұғалімдерді қабылдау жұмысы жүріп жатыр, көп ұзамай балалар осы орталыққа баратын болады. Жаңа орталық жылына 900-ге жуық баланы қамти алады.
Сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балалар қатынайтын №89 балабақшаға бардым, өйткені бүлдіршіндердің әлеуметтенуі маңызды. Онда «Болашақ» rорпоративтік қорымен бірлесіп инклюзияны қолдау кабинеттері ашылды. Кездесуде ата-аналар тьюторларды дайындау мәселесін көтерді. Біз осы бағытта жұмыс істейтін боламыз. Оңалту орталықтары балалардың денсаулығын сақтауға, оң нәтижелер көруге әрі оларды әлеуметтендіруге мүмкіндік береді, – деп жазды Ж.Қасымбек.