Елордада мектеп музейлеріне арналған семинар өтті
Мұстафа Шоқай атындағы №51 мектеп-гимназиясында Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің ҚР музейлерін дамыту орталығы және Астана қаласының Әдістемелік орталығы бірлесіп ұйымдастырған мектеп музейлерінің жетекшілеріне арналған «Мектеп музейінің білім беру кеңістігіндегі рөлі» тақырыбында қалалық семинар өтті, деп хабарлады Elorda.info.
Семинар Астана қаласы Әдістемелік орталығының басшысы Сындар Дәуешова, ҚР Ұлттық музейі Қазақстан музейлерін дамыту жөніндегі үйлестіру-әдістемелік орталығының басшысы Нұрсерік Жолбарыс, Мұстафа Шоқай атындағы №51 мектеп-гимназиясының директоры Данара Джумартованың құттықтау сөзімен ашылды. «Мен қашанда жан-тәніммен сенімен біргемін» атты көрмемен жалғасын тапты.
Көрмеге бұрын-соңды ешбір ақпарат көздерінде жарық көрмеген фотосуреттер қойылды. Семинар бағдарламасына сай «Музей сыры» әдеби-музыкалық композициясы қойылды, интерактивті алаңдар жұмысы көрсетілді. ҚР Ұлттық музейінің базасында құрылған «Мирас» үйірмесінің тәрбиеленушілері, әрі мектеп жанынан құрылған «Жас музейтанушылар» зерттеушілер клубының оқушылары «Мұстафа әлемі» атты шолу экскурсиясын өткізді. Семинарға арнайы Қызылордадан келген Мұстафа Шоқайдың ұрпақтары өз ойларын ортаға салып, түркі жұртының көсемі Мұстафа Шоқай туралы құнды ақпараттармен бөлісті.
Астана қаласы әкімдігінің «Балалар-жасөспірімдер туризмі және өлкетану орталығы» МКҚК өлкетану бөлімінің меңгерушісі Бибігүл Исабаева, ҚР Ұлттық музейі Экскурсиялық қызмет көрсету бөлімінің әдіскері Айгүл Рақтаева, ҚР Ұлттық музейі Біліктілікті арттыру және әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің кіші ғылыми қызметкері Ләззат Нұркеева, ҚР Ұлттық музейі Біліктілікті арттыру және әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің сарапшасы Роза Мұхамеджанова мектеп музейінің негіздері, мектеп музейінің заттарын жинақтау, есепке алу және сақтау тақырыбында тәжірибесін ортаға салып, ой бөлісті.
Семинарға қатысушылар үшін музейдің жұмысына қажетті құнды ақпараттар айтылды. Семинарда тәжірибемен бөліскен музей қызметкерлері тарапынан мектеп музейінің экспозициялық құндылығына өте жоғары баға берілді, оған музейде біршама жәдігерлердің түпнұсқаларының сақталғандығы дәлел бола алатындығын атап өтті.
Семинар соңында барлық тыңдаушыларға қатысқаны туралы сертификаттар табысталды.