Жеңіс Қасымбек нүктелі құрылыс мәселесі бойынша кеңес өткізді
Бас жоспарда Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің басшылығымен «Menin Elim Dala» бастамашыл топтарының қатысуымен нүктелі құрылыс мәселесі бойынша кеңес өтті. Әлеуметтік нысандардың пайдасына орай ТК құрылысын жою, үйлердің қабатын азайту, Талдыкөл бойынша және т.б. мәселелер көтерілді, деп хабарлады Elorda.info.
Қалада нүктелі құрылыстың 18 негізгі проблемалы объектісі бар. 13 нысан бойынша мәселелер тұрғындардың тілектері мен өтініштерінің пайдасына шешіледі, яғни ТК маңында мектептер, медициналық орталықтар, балабақшалар, қоғамдық кеңістіктер болады. Қалған 5 нысан бойынша сот және келіссөздер процесі жүріп жатыр.
Мысалы, Байтұрсынұлы көшесі, 7 (Хайвил ТК) мекенжайында жер учаскесінде бұрын айтылғандай, көппәтерлі тұрғын үй кешенінің орнына мектеп салынады. Сондай-ақ, Қошқарбаев даңғылы мен Ақыртас көшесі маңында, яғни «Хайвил» тұрғын үй кешеніне қарама қарсы оқушы орындарының тапшылығын азайту мақсатында тағы бір жалпы білім беретін мектеп салынады.
Күмісбеков көшесі, 9/2 үйінің жанында 21 қабатты ТК және паркингтің орнына гүлзар салынады.
«Sport Towers» ТК тұрғындарының өтініші бойынша екі мектеп салынады (Alpamys ТК мен Alau ТК арасында және Барыс-Арена мұз айдынына оңтүстік бағытта).
Кездесу қорытындысы бойынша бірқатар тапсырмалар берілді, оның ішінде құжаттарды нормаларға сәйкес келтіру, «Menin Elim Dala» ҚБ жауаптарын ұсыну және т.б.