Елордада Мұқағалидың туған күніне орай «Күнделік» лирикалық кеші өтті
Бүгін елордада Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында «Күнделік» лирикалық кеші өтті, деп хабарлады Elorda.info.
Мұқағали - қазақтың лирик ақыны, мұзбалақ ақын, өз заманында лайық бағасын ала алмаса да өзінен кейінгілер үшін шоқтығы биік ақиық ақын. Оның өлеңдерін білмейтін жан, өлеңдерін оқып тебіренбейтін тұлға жоқ.
Бүгін қойылым емес, ерекше форматта лирикалық кеш өтіп жатыр. Ерекшелігі мұнда сахна, шымылдық жабылу деген дүниелер болмауында, еркін форматта көрермендермен жақын байланыста өтуінде. Ақынның бірде-бір туған күнін елеусіз қалдырмағанбыз. Әр жыл сайын арнайы спектакль қоятын едік. Биыл осындай ерекше кеш ұйымдастырайық деп шештік. Мұнда ақынның өлеңдері оқылып қана қоймайды, оның сөздеріне жазылған әндер де шырқалмақ. Композиторлардың, ақынның достарының, жарының ол туралы ыстық лебіздері мен естеліктерінен және өлеңдерінен тұратын лирикалық кеш ұйымдастырылып отыр.
Көрермендер кеш барысында Мұқағали туралы оның үзеңгілес достарының естелік әңгімелерін де тыңдайды, - дейді кештің режиссері Әли Бидахмет.
Әли Бидахметовтің режиссерлігімен сахналанған әсерлі қойылым көрермендер көңілінен шықты. Қойылымды тамашалап отырып, көз жасына ерік бермеу мүмкін емес. Поэтикалық қойылымнан шығармашылық топтың аянбай еңбектенгенін бірден аңғаруға болады.
Қойылымда ақынның сүйген жары Лашынға деген таза сезімі мен ыстық ықыласын да актерлер жоғары деңгейде сахналап шықты. Ақиық ақынға ең жақын жан қызы Майгүлдің қазасы орны толмас өкініш әкелді. Қойылымда ақынның осы кезеңдердегі сезімі туралы да көрсетілді. Туынды болашаққа арыз жазып кеткен Мұқағали өмірінің соңғы кезеңдерімен қорытындыланды.
Театр актерлері ақын поэзиясын сахналау арқылы өлеңдерін оқыды. Айта кетейік, сахналық қойылымның шымылдығы Мұқағали ақынның өлеңдерімен ашылды. Қойылымда тартысқа толы, көзі тірісінде лайықты бағасын ала алмаған ақын өмірі бейнеленді.
Лирикалық кеште мұзбалақ ақынның сөздеріне жазылған «Есіңе мені алғайсың!», «Жапырақ жүрек жас қайың», «Сенің көзің», «Күрең күз», «Бақыт деген», «Сәби болғым келеді»,«Бақыт деген не өзі?!», «Шыда, шыда» әндері шырқалды.
Кеш соңында АШЫҚ МИКРОФОН айдары өтті. Онда өз сырымен әуре болған ақынның жастарға қанат бітіріп шабаттандыратын өсиетті өлеңдері оқылды.
Аяулым Серікқызы