Жеңіс Қасымбек: Азық-түлік қымбатшылығы – жіті назарда
Үкімет отырысында бас шаһардағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қымбатшылығын болдырмау бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасына тоқталып өткен қала әкімі Жеңіс Қасымбек бұл бағыттағы жүйелі жұмыс жолға қойылғанын мәлімдеді, деп хабарлады Elorda.info.
Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 14 түрі бойынша баға өсімі 2,5 пайызды құрады. Оның негізгі үлесі көкөністерге тиесілі болып отыр. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының барлық 14 түрі бойынша 35 мың тонна жеткізуге 14 келісімшарт жасалды. Оның 60 пайызы немесе 20 мың тоннасы көкөністерге тиесілі. Бұл жеткіліксіз болатынын ескере отырып, биыл мамыр-маусым айларында 1,8 мың тонна импорттық көкөністерді жеткізуге келістік. Сондай-ақ, Меркі зауытымен 1 млрд 600 млн теңге сомасына 3,5 мың тонна қант жеткізуге келісімшартқа қол қойылды. Өңірлік комиссия шеңберінде сауда объектілерін мониторингілеу үнемі жүзеге асырылады. Жыл басынан бері барлығы 10 отырыс, соның ішінде 5 көшпелі отырыс өткізілді. 500-ге жуық сауда объектілерін мониторингілеу барысында бағаны көтергендер базарлар мен үй жанындағы дүкендердегі бөлшек сауда сатушылары екені анықталды. 195 сауда объектілерінде сауда үстемесі төмендетілді. Барлық сауда желілері мен базарларында сауда үстемесін 10 пайыздан асырмауға келістік, - деді Ж.Қасымбек.