Мәжіліс депутаттары елорданың «Шарын» базарындағы шағымдарды тыңдады
Елордада Мәжіліс депутаты Динара Закиева мен «Жастар рухы» Жастар қанаты қалалық филиалының төрағасы Арсланбек Мағзұм және қала белсенділері «Шарын» базарын аралап, партияның сайлауалды бағдарламасының жобасында ескерілетін қаладағы түйінді мәселелерді талқылады, деп хабарлады Elorda.info.
Тұрғындармен тілдесу барысында интернет желісінің нашарлығы, аула алаңдарын абаттандыру мен көшелерді жарықтандыру, білім мен денсаулық сақтау нысандарын, жолдар мен инженерлік желілерді жөндеу секілді мәселелер толғандыратыны анықталды. Сондай-ақ сатушылар монополия салдарынан бәсекенің жоқтығына наразылық білдірді.
Салдарынан баға өсіп, кәсібіміз жүрмей отыр, - дейді сатушылар.
Депутат Динара Закиева осы мәселелердің барлығы бағдарламада ескерілетінін айтты.
Жақында электоралды кезең басталады. Базардағы саудагерлер интернеттің жылдамдығын арттыруды сұрап жатыр. Халықтың үні – сайлау кезінде азаматтардың талап-тілегі мен партияға тапсырған аманаттары. Олар сайлауалды бағдарламаға енгізіледі, – деді Динара Закиева.
«Шарын» базарында қазір 1 500-ге жуық адам жұмыс істейді. Барлық қойылған сұрақтар мен ұсыныстар депутаттардың, партияның елордалық филиалының қатысуымен жазылып, бақылауға алынды.