00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

«Аңсаған сәби»: былтыр бағдарлама аясында елордада 15 сәби дүниеге келді

«Аңсаған сәби»: былтыр бағдарлама аясында елордада 15 сәби дүниеге келді
ашық дереккөз

Екі жас шаңырақ көтерген соң бала сүюді армандайтыны анық. Дегенмен  бұл бақыттың кейде отбасыларға бұйыра бермейтіні өкінішті. Статис­тикалық мәліметтерге сүйенсек, еліміздегі әрбір алтыншы отбасы бір пер­зентке зар екен. Кейбір отбасылар бала болмаған соң ажырасып та жатады. Осылайша бедеулік пен белсіздік тек отбасының  ғана емес, тұтас қоғамның өзекті мәселесіне айналып отыр. Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы бала сүю бақытына қол жеткізгендер қатары артып келе жатыр. Былтыр Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры аясында экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) процедурасын жасауға 7 мың квотаға 7 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылды. Ал осы бағдарлама шеңберінде 2022 жылы Астанада 15 отбасы сәби сүйді. Elorda.info тілшісі көптен күткен сәбиін бауырына басқан елордалық анамен тілдесіп қайтты.

Ел азаматтарының ұрпақты болуы, өмірге дені сау ұрпақ келуі мем­лекет үшін өте маңызды. Сол себепті елімізде алғаш рет 2010 жылы «Саламатты Қа­зақстан» бағдарламасы аясында тегін экстракорпоральды ұрықтандыру жүзеге аса бастады. 2021 жылдан бастап Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Аңсаған сәби» әлеуметтік бағдарламасы іске қосылып, квота саны жылына 1 мыңнан 7 мыңға дейін көбейді. Осылайша  қазір заманауи медицина  мен мем­ле­кеттік қолдаудың нәтижесінде сәбилі болудың мүмкіндігі кеңейді. Оған ортамызда жүрген мыңдаған отбасы дәлел бола алады.

Елордалық тұрғын үшін сәби сүю қол жетпес арман еді. Ана атануды сегіз жыл күтті, бірақ үмітін бір сәтке де үзбеді. Жаңа жылда шанырақтарында алғаш рет шілдехана тойын жасады. Ерлі-зайыпты ата-ана атанып, кішкентай баланы бауырларына басты.

Халқымыз балалы үй базар, баласыз үй қу мазар» деп бекер айтпаған. Отбасылық қуаныш перзент дүниеге келген кезде арта түсетінін енді түсініп жатырмын. Біздің  шаңырақ көтергенімізге 8 жыл толды. Сәби сүюді жолдасымыз екеуміз армандадық. Алғаш рет ЭКҰ туралы жергілікті емханадағы гинеколог дәрігерден білдім. Дәрігер бағдарлама туралы егжей-тегжейлі түсіндірген соң ЭКҰ арқылы сәби сүю туралы шешім қабылдадық. Мұндай шешім қабылдауда дәрігердің жан-жақты түсіндіруі маңызды дер едім. Себебі нәзік жандылар бұл шешімді жалғыз қабылдай алмайды. Оған медициналық тұрғыда түсіндіру жұмыстары жүргізілуі керек, одан кейін отағасы мен туыс-туғандардың да пікірі шешім шығаруда әсер етіп жатады, - дейді елордалық кейіпкеріміз.

Қоғам болып күресіп жатқан проблеманы бақсы-балгерлер де назардан тыс қалдырмайды. Көшеде немесе әлеуметтік желіде «Ана атануға көмектесемін», «Менің арқамда сәби сүйесің» деп өз қызметтерін жарнамалайтындардан аяқ алып жүргісіз. Бүгінгі тақырыбымызға арқау болған жас ананың сөзінше, жұбайы екеуі бала тілеп еш жерге бармаған.

Ұрпақ беру, бала сүйдіру – бір Алла Тағаланың ғана бұйрығымен болатын жазмыш. Алладан өзге ешкім бала беріп, бақыт сыйлай алмайды.  Біз балалы болу үшін түрлі дұға оқитын бақсы-балгерлерге барған жоқпыз. Қазір жаңа заман. Халық та жан-жақты сауатты бола бастады. Денсаулықта бір кінәрат болса, бірден  дәрігер тексерісінен өткен дұрыс деп есептеймін, - деп жауап берді ол.

Елордалық тұрғын ЭКҰ жасату үшін 1-3 ай аралығында тұрақты медициналық тексерістен өткен.

Көптен күткен тұңғыш баламыз қаңтардың 10-і күні салмағы 3 600 грамм, бойы 53 см болып дүниеге келді. Бізге бағдарлама туралы түсіндіріп, сәбиімді қолыма алғанша қолдау білдірген дәрігерлерге алғыс білдіргім келеді. Қалалық №9 емхананың гинекология бөлімінің менгерушісі Екатерина Юнусова кеңес беріп, қандай тексерістен өту керек екенін тәптіштеп түсіндіріп отырды. Тағы бір дәрігерді ерекше атап өткім келеді: Хангельдина Сұнқар  9 ай бойы менің жүктілігімді бақылап отырды. Жүктілік кезеңінде қиындықтар болды, бірақ осы екі дәрігердің жәрдемімен барлығы сәтті әрі жеңіл өтті, - деп ризашылығын білдірді кейіпкеріміз.

Айта кетейік, медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгелі жасанды ұрықтандыру рәсімін күту ұзақтығы едәуір қысқарды. Сондай-ақ бедеуліктің әртүрлі формалары бар науқастарға қатысуға мүмкіндік пайда болды. Мысалы, 2019 жылы елордаға небәрі 74 квота бөлінген. Ал 2021 жылы шаһарда 487 жұп МӘМС аясында ЭКҰ процедурасын өту мүмкіндігін алса, 2022 жылы 518 ерлі-зайыпты бағдарламаға қатысқан. Биыл елордаға 547 квота бөлінген. Бүгінде Астана қаласы бойынша 1300-ден астам пациент бедеулікпен есепте тұр.

Дәрігерлер сөзінше, бедеулік пен белсіздіктің алдын алу өте маңызды. ЭКҰ – басқа емдеу жолдары тиімсіз бол­ған­да ғана қолданылатын тәсіл. Әр ата-ана баласының бойын­да­ғы өзгерістерді қалт жібермей, дер кезінде дәрігерге жүгінгені абзал. Әсіресе, жұқпалы инфекциялардың алдын алып, қандай да бір эндокринологиялық бұ­зы­лыстарды уақыт оздырмай емдеген жөн.

Бүгінде елімізде  Әлеуметтік меди­ци­налық сақтандыру қорымен шарт жасасқан 18 ЭКҰ орталығы жұмыс іс­тей­ді. Олар еліміздің 8 өңірінде орна­ласқан. Мұндай орталықтар Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Қарағанды, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстарында орналасқан. Төменде бағдарлама туралы басты сұрақтарға жауап алуға болады:

Зарина СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ