Астанада Оспан Сүлейменұлының шығармашылық кеші өтті
Бүгін елордада Оспан Сүлейменұлының «Мизамшуақ» шығармашылық кеші өтті, деп хабарлады Elorda.info.
ҚР мәдениет қайраткері, «Құрмет белгісі» ордені, Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгісінің, А.Байтұрсынов атындағы медалінің иегері, Білім беру ісінің құрметті қызметкері, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты, ақын, сазгер, күйші, дирижер Оспан Сүлейменұлы жетпістің бел ортасы 75 жасқа толып отыр. Осынау мерейтойға орайластырылған кешті Астана қаласы әкімдігі, қалалық Білім басқармасы, басқармаға қарасты Жалпы орта білім берудің мазмұны мен әдістеме бөлімі ұйымдастырды.
Шығармашылық кеш барысында «Мизамшуақ» кітабының тұсауы кесілді. Іс-шараға мерейтой иесінің бұрынғы әріптестері, сыйлас достары мен жақындары қатысты.
Осы кештің ерекшелігіне тоқтала кетейін. Астана туралы алғашқы әнімді осыдан тура 25 жыл бұрын жазыппын. Ал биыл бас шаһарымызға да 25 жыл болыпты. Бұл сәйкестіктің мен үшін мәні зор. Бүгін шәкірттеріммен бірлесіп, халыққа рухани кеш сыйламақпыз. Ұстаз мерейін өсіріп жүрген шәкірттеріме ризамын. Олардың болашағынан зор үміт күтемін. Талантты жастар шығып жатыр. Олар қазақ өнерінің дамуына ерекше серпін беруде. Әр қазақтың үйінде домбыра тұрса, қазақтың өнері ешқашан өлмейді, - деді кеш иесі.
Айта кетейік, Оспан Сүлейменұлы – Ақмола өңірінде 40 жыл ұлт аспаптар ансамблі мен оркестрін басқарған. 350-ге тарта мақала мен бірнеше кітап авторы, журналист. Қайраткердің тәуелсіздік алған жылы Астанада ең алғашқы болып Қазақ ұлттық музыка мектебін ашуға мұрындық болғанын бірі білсе, бірі білмейді.
Шығармашылық кеште «Мизамшуақ» кітабының тұсауы кесілді.