Астанада белгілі паралимпиадашы студенттермен кездесті
Астанада Amanat партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында Пара Азия ойындарының жеңімпазы Сиязбек Дәлиев студенттермен кездесті, деп хабарлады Elorda.info.
Іс-шараға Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 60-тан астам студенті қатысты.
Жүзуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері Сиязбек Дәлиев бала кезінен футбол, күрес сынды спорт түрлерін жақсы көріп өсті. Алайда жазатайым оқиғаға ұшырап, екі қолынан айырылды. Соған қарамастан, бүгінде ол паражүзуден Азия және Еуропа чемпионы, әлем кубогының иегері.
Жастар қауымының алдында спортшы қоғамның ерекше қажеттілігі бар адамдарға деген көзқарасы, отбасының көрсеткен қолдауы және Паралимпиада ойындары алдындағы дайындығы жөнінде әңгіме өрбітті.
Мен қатысқан алғашқы халықаралық жарыс 2009 жылы Токиода өткен Азия жасөспірімдер ойындары болды. Онда мен екі екінші және екі үшінші орын алдым. Осылайша, жеңістің дәмін татқаннан кейін менде ерекше ынта, қызығушылық пайда болды. Өзіңді сүйікті ісіңе арнаған кезде ғана мол нәтижеге қол жеткізуге болады. Бүгінде 2 баланың әкесімін. Оларды өмірлік жолыммен ынталандырамын деген ойдамын. Әркімнің жетістікке жетуге мүмкіндігі бар, – деп атап өтті Сиязбек.
Өз кезегінде, 4-курс студенті Ұлжан Кусетова кездесуден алған әсерімен бөлісті.
Спортшының бастан өткерген қиындығы жүрегімізді елжіретті. Ол соған мойымай, қоғамда өз орнын тапты. Сиязбек еңбекқорлық пен табандылықтың арқасында бәріне қол жеткізуге болатынын дәлелдеді, – деді ол.
Айта кетейік, «Кедергісіз келешек» жобасы ерекше қажеттілігі бар отандастарымыздың өмір сапасын жақсартуға жәрдемдеседі. Жобаның басты мақсаты – мүгедектігі бар азаматтар үшін кедергісіз орта құру, инклюзивті білім беру, жұмысқа орналасуға көмектесу және осы саладағы ел заңнамасын жетілдіру.