Астана тұрмысқа жайлы шаһар болуы керек – Мемлекет басшысы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңес отырысында қаланың бірқатар мәселесін жіпке тізіп, оны шешу жолдарын ұсынды, деп хабарлады Elorda.info тілшісі.
Көлік жүруге болмайтын көшелер жөнінде талай рет айтылды. Бірақ қалада ондай бір де бір көше салынған жоқ. Жалпы, әлемдік тәжірибеде дәл осындай көшелер көптеп салынады. Бұл мәселені мұқият ойластыру керек. Білікті мамандарды тартып, оңтайлы шешім қабылдауға болады. Мысалы, бізде ЭКСПО аумағы бар. Бір қарағанда, өте әдемі жер. Бірақ қаңырап бос жатыр. Шын мәнінде, оған жан бітіріп, жұрт жаппай демалатын орынға айналдыруға болады. Қоғамдық кеңістікті дамытудың бірыңғай тұжырымдамасын қабылдаған жөн. Нысандарды жобалау және салу кезінде осы тұжырымдамаға сүйену қажеттігі заңды түрде бекітілуге тиіс, – деді Тоқаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы елордада салынып жатқан ғимараттар бір-бірімен үйлеспейтінін айтты.
Біз қаланың келбетін сақтап қалуымыз керек. Астанада әлемнің ең үздік сәулет үлгілері қолданылуы керек. Бұған дейін қаланың бірыңғай дизайн-коды әзірленді. Бірақ бұл құжат қағаз жүзінде ғана қалды. Салынып жатқан кейбір ғимараттар бір-бірімен мүлде үйлеспейді. Қаланың оңтүстік-шығыс ауданында сыртқы сипаты сын көтермейтін, бей-берекет салынған нысандар көп. «Артем» және «Тұлпар» сауда орталықтарының маңын да ретке келтіру керек. Әкімдік нақты шаралар қабылдауға тиіс, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қаланың келбетін бұзып тұрған ала-құла жарнамалар өте көп.
Тағы бір мәселе бар. Қаланың келбетін бұзып тұрған ала-құла жарнамалар өте көп. Оның бәрі талапқа сай болуы керек. Сондай-ақ қалада орынсыз құрылыс жұмыстары көбейіп кетті, яғни үйлердің арасына ғимарат салына беретін болды. Бұл, әсіресе, «Мыңжылдық» аллеясында, Сарайшық, Сығанақ, Тұран, Бейсеков көшелерінде қатты байқалады. Тұрғындарға әлеуметтік нысан, саябақ немесе ойын алаңы салынады деп уәде беріледі. Алайда, ол жерде иін тірескен ғимараттар пайда болады. Мысалы, «Олимп палас-2» тұрғын үйінің ауласындағы ойын алаңының орнына зәулім кеңсе салынған. Мұндай құрылысты біржола доғару керек. Әйтпесе, шешім қабылдаған тиісті лауазым иелері жемқорлыққа байланысты жауапқа тартылады. Себебі осындай шешімдердің астарында құрылыс компанияларының әкімдікте жұмыс істейтін адамдармен бірге азаматтарымыздың ықыласына қарсы қабылдаған әрекеттері жатыр, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев ашық алаңда орналасқан автотұрақтар ақылы болуы керек екенін айтты.
Тағы бір маңызды мәселе – көлік тұрағы жоқ үйлердің көптеп салынуы. Қазір жұрт балаларын сыртқа шығарудан қорқады. Өйткені ауланың бәрі автокөлікке толып тұр. Бұдан былай көлік тұрағы болмаса, бір де бір үй салынбауы керек. Жалпы, ашық алаңда орналасқан автотұрақтар ақылы болуы керек. Әйтпесе, осындай келеңсіз жағдайлар жалғаса береді. Үкіметке нақты шешім қабылдауды тапсырамын. Сондай-ақ Министрліктер үйінің маңында автотұрақ тапшы. Жұрт көлігін қайда қоярын білмей әуре-сарсаңға түседі. Тіпті, көліктерін жақын жердегі үйлердің ауласына қоюға мәжбүр болады. Бұл тұрғындарға үлкен қолайсыздық тудыратыны түсінікті. Бас прокуратура және Жусан банкі ғимаратының ортасында бос жер бар. Жоғарғы Сот ғимаратының артындағы алаң да бос жатыр. Әкімдікке осы екі жердің біріне көп қабатты жабық паркинг және жаяу адам өтетін көпір салу мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырамын, – деді Президент өз сөзінде.
Мемлекет басшысының айтуынша, қаладағы үйлердің ауласы түгел бір қалыппен емес, өз ерекшелігімен салынғаны жөн.
Келесі мәселе – қаланы абаттандыру. Бұл жерде ұсақ-түйек деген мәселе болмауы керек, бәрі – маңызды. Өкінішке қарай, қаланың көркі қашып барады. Жолдардың жиегі тегіс емес, кейбір көшелер тас қараңғы. Көше бойынан қоқыс салатын жәшік те табылмай жатады. Қыстыгүні қала ішіндегі қар уақтылы сыртқа шығарылмайтын кездер де болады. Қар жауып, боран соқса, тұрғындар қарға малтығып жатады. Жақында Астана көшелері бірнеше күн бойы кәдімгі мұз айдынға айналды. Абаттандыру жұмысына соңғы 3 жылда 45 миллиард теңге бөлінді. Сондай-ақ қаладағы үйлердің ауласы түгел бір қалыппен емес, өз ерекшелігімен салынғаны жөн. Урбанистика саласының мамандарымен, сәулетшілермен, тұрғындармен бірлесіп, тың, жаңа тәсілдерді қолдану қажет. Мысалы, ашық байқау жариялап, озық жобаларды таңдап алуға болады. Қаланың келбетін әр әкімнің талғамы бойынша өзгерте беруге болмайды. Нақты бекітілген жоспармен жүйелі түрде жұмыс жүргізу керек, – деді Тоқаев.
Президент өз сөзінде қала тұрғындарының тұрмыстық мәдениетін де сөз етті.
Тағы бір маңызды мәселе. Қала тұрғындарының тұрмыстық мәдениеті. Астананың тазалығы, ең алдымен, оның тұрғындарына байланысты. Зәулім үйлердің ішіндегі және сыртындағы жағдай мәз емес. Шындығын айтсақ, тұрғындар тұрмыстық тәртіпті жиі бұзады, қоқысты қалай болса солай лақтыра береді. Жастар көшеде жүргенде мәдениетсіз қылықтарға жол береді. Сондықтан, мен мына мәселеге арнайы назар аударғым келеді. Елордамызды және басқа негізгі қалаларымызды дұрыс қалпында сақтау бұл – ұлттық намысымызға қатысты аса маңызды мәселе. Көшпенділердің ұрпақтары өз қалаларын жөнді сақтай алмайды деген жағымсыз пікірді мүлдем жоққа шығаруымыз керек, – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы атап өткендей, жеке қаржыға мектеп салудың жолдарын ойластырған жөн.
Қаламыз дарынды және зиялы азаматтар шоғырланған орталыққа айналуға тиіс. Бірақ бұған кедергі болып отырған жайттар бар. Соның бірі – балабақшадағы және мектептегі орын тапшылығы. Қазір Астанада балабақша кезегінде 45 мың бала тұр. Кезінде осы мәселе арнайы мемлекеттік тапсырыс арқылы шешілуі керек еді. Бірақ жекеменшік балабақшаларға қаржы бөлінсе де, ахуал түзелмей отыр. Әрине, олардың қызмет сапасына қатысты талап болуға тиіс. Дегенмен орынсыз тексеру жасап, жекеменшік балабақшалардың жұмысына кедергі келтірмеу керек. Қалада кейбір мектептер әлі күнге дейін үш ауысыммен оқытады. Астанада білім ошақтарының құрылысы баяу жүріп жатыр. Былтыр небәрі 3 мектеп салынды. 8 мектеп дер кезінде пайдалануға берілмеді. Соның кесірінен бала саны артық және үш ауысыммен оқытатын мектептер көбейді. Кей сыныптарда 30-дан астам бала оқиды. Бұл, әрине, білім сапасына кері әсерін тигізеді. Сонымен қатар ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған арнайы мектептерде орын жетіспейді. Әкімдік Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, мұның бәрін шешуге баса мән беруі қажет. Жалпы, мектеп салу мәселесі бұл – стратегиялық міндет. Оны орындау үшін мемлекет қана емес, қалталы азаматтар да белсене атсалысуы керек. Мен бұл мәселені осыған дейін де талай рет айттым. Бірақ ниеті бар азаматтарды және нақты іс-әрекетті әзірге көріп отырған жоқпыз. Жалпы, жеке қаржыға мектеп салудың жолдарын ойластырған жөн, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, елорданың білім деңгейін халықаралық деңгейге көтерген жөн.
Сонымен қатар, педагог мамандардың тапшылығын толығымен жою – маңызды міндет. Ұстаздардың біліктілігін арттыру мәселесі басты назарда болуға тиіс. Жалпы, қаланың білім беру жүйесін халықаралық деңгейге көтерген жөн. Әзірге бұл бағытта айтарлықтай ештеңе жасалып жатқан жоқ. Тегін үйірмелер оқушылардың бәріне бірдей қолжетімді емес. Бұған ата-аналар наразы. Бұл шаруа нақты жоспарланбайды. Яғни, қай үйірмеге қанша қаражат қажеттігі дұрыс есептелмейді. Бөлінген қаржының өзі тиімсіз жұмсалады. Тіпті, жалған құжат толтыру жайттары орын алып отыр. Әкімдікке құзырлы органдармен бірлесіп, нақты шаралар қабылдауды тапсырамын. Елімізге халықаралық стандарттарға сай аккредитациядан өткен білім ошақтары қажет. Жоғары оқу орындары көштен қалмауға тиіс. Мен бұған дейін елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының санын көбейту жөнінде тапсырма бердім. Бұл жұмысты, ең алдымен, Астанадан бастау керек. Әкімдік мамандар дайындау үшін университеттермен ынтымақтастықты жандандыруы қажет, – деді ол.
Президент өз сөзінде қаланың әр ауданында заман талабына сай кітапханалар ашу қажет екенін айтты.
Жатақхана салу – өте өзекті мәселенің бірі. Қазір студенттерге 13 мыңға жуық орын жетіспейді. Алайда, Үкімет бұл түйткілді шешуге мән беріп отырған жоқ. Ғылым және жоғары білім министрлігі осы мәселелерді ерекше бақылауға алуы керек. Мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында кітап оқу мәдениеті жайлы айттым. Алайда, қалада кітапханалар желісі дамымай тұр. Астанада небәрі 18 кітапхана бар. Оның кейбіреуі 40 шаршы метрден аспайтын бөлмеде отыр. Кітапханалар заман талабына бейімделіп, коворкинг орталығы сияқты жұмыс істеуі керек. Бұл салада ақпараттық технологияны кеңінен қолданған жөн. Әр ауданда заман талабына сай кітапхана ашу қажет, – деді Тоқаев.
Президенттің сөзінше, елорда аймағын еліміздің экономикалық тірегіне айналдыруымыз керек.
Астана қаласының және Ақмола облысының әкімдері қала маңындағы аудандарда тұратын жұрттың әл-ауқатын арттыруға күш салуы керек. Астана агломерациясы инвестиция тартуға, инновацияларды енгізуге және білікті мамандардың еңбек етуіне барынша ыңғайлы болуға тиіс. Осы бағыттағы жұмысты жандандыру қажет. Әлем экономикасында түбегейлі өзгерістер болып жатқан қазіргі кезеңде бұл – өте өзекті мәселе. Біз осы тарихи мүмкіндікті пайдаланып, Елорда аймағын еліміздің экономикалық тірегіне айналдыруымыз керек, – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы Астана инновациялық шаһар болуы керек екенін айтты.
Елордамыз дамудың жаңа үлгісіне көшуге тиіс. Астана инновациялық шаһар болуы қажет. Әлемде қаланы басқарудың жаңа цифрлық тәсілдері қарқынды түрде енгізіліп жатыр. Біз де бұған баса назар аударуымыз керек. Мен Біріккен Араб Әмірліктеріндегі қырық екі компаниясының басшыларымен арнайы кездестім. Бұл компания жасанды интеллектіні дамыту ісінде көш бастап отыр. Олар «ақылды қала» жобасы аясында осы саладағы озық тәжірибесін бізге ұсынуға дайын. Әкімдікке Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, бұл жұмысты дереу қолға алуды тапсырамын. Жалпы, ІТ-бизнес өкілдерін және осы саладағы білікті мамандарды тарту қажет. Сол арқылы бас қаламыз аймақтың «Digital nomads» орталығына айналмақ, – деді Президент.
Мемлекет басшысы сөз соңында елорданың жаңа бас жоспарын әзірлеуді тапсырды.
Біз Астананы жасампаз, жайлы және таза қала қағидасына сәйкес дамытуымыз керек. Әлемдегі барлық озық тәжірибені тиімді пайдалануымыз керек. Жалпы, Астананың қазіргі ауыр жағдайын тез арада өзгерту маңызды. Елорданы жаңғырту қажет. Осы мақсатпен қаланың даму стратегиясын қайта қараған жөн. Құжатта қаланы кешенді түрде дамытудың негізгі бағыт-бағдары айқын көрсетілуге тиіс. Әкімдікке арнайы қоғамдық тыңдау өткізіп, қаланың жаңа Бас жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Сосын Үкімет оны жыл соңына дейін мақұлдауы керек. Президент Әкімшілігі жұмыстың уақтылы әрі сапалы орындалуын бақылауға алады. Сіздерден нақты нәтиже күтемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.