Елордада жасөспірімдер арасындағы суицид туралы конференция өтті
Бүгін Құрылыс-техникалық колледжінде №3 қалалық емхананың «Жас Толқын» жастар денсаулық орталығының бастамасымен Астана қаласының оқу орындарының психологтары мен директорлардың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарларына арналған конференция өтті, деп хабарлады Elorda.info тілшісі.
Оқушылар мен студенттердің психологиялық жағдайы, кәмелетке толмағандардың суицидтік мінез-құлқының алдын алу тақырыбында өткен жиынға Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, Білім басқармасы, Жастар саясаты мәселелері басқармасы, Астана қалалық Полиция департаменті, Психологиялық қолдау орталықтары мен психолог мамандар қатысты.
Конференцияның ашылу салтанатында сөз алған қалалық Білім басқармасының кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бөлімінің бас маманы Гүлсім Хасенова қала бойынша жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсау жағдайы әлі де өзекті екенін айтты.
Біздің қоғамда қазіргі кезде суицид жасау, есірткі заттарын қолдану және темекі тарту сияқты жағдайлар жасөспірімдер арасында кездесіп жатқаны өкінішті. Біздің қаламызда да бұл тақырып әлі өзекті болып келеді. Қазір әлеуметтік желіде көптеген ойын бар. Олар балалардың психологиялық жағдайына қатты әсер етеді. Сол үшін ата-ана тарапынан бақылау әрқашан да қажет. Статистикалық деректерге қарасақ, қала бойынша өз-өзіне қол жұмсау дерегі жыл сайын артып келеді. Осы тұрғыда мектеп психологтарына үлкен жүктеме түседі. Өйткені, сабақ уақытында әр мектеп оқушысының мінез-құлқын бақылау мүмкін емес. Дегенмен сынып жетекшісімен бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын. Баланы не мазалап жүргенін дер кезінде анықтаған жағдайда ғана біз суицид жасау әрекетін тоқтата аламыз. Жыл басталғалы 10 ата-аналар жиналысына қатыстым. Өкінішке қарай, ата-аналар күнделікті жұмыс қамымен жүріп, балалардың сабақтан тыс не істеп жүргенін, ұялы телефонда не қарайтынын білмейді, - дейді Гүлсім Хасенова.
Бас маманның сөзінше, 2021 жылы қала бойынша 136 жасөспірім суицид жасаса, оның 77 оқиғасы қайғылы жағдаймен аяқталған. Ал былтыр бұл статистика төмендеді. 73 бала өз-өзіне қол жұмсауға талпынса, оның ішінде 4 бала суицид салдарынан қайтыс болған.
Қалалық Әдістемелік орталығының психологиялық қолдау бөлімінің басшысы Гүлмира Капанова суицид жағдайына көбіне ата-ана мен бала арасындағы кикілжің себеп болатынын атап өтті.
Жасөспірімдер арасында суицид жасауға итермелейтін себептер көп. Әдістемелік орталық мамандарының зерттеуінше, жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсағандардың ішінде 52 пайызы отбасындағы ұрыс-жанжалға байланысты болады. 8 пайызы өзге адамдардың әсірінен қол жұмсаса, 15 пайызы стресс салдарынан осындай шешім қабылдап жатады. Жасөспірімдердің 13 пайызы суицид жасау әрекетін теріске шығарса, оқиғаның 12 пайызының себебі анықталмады, - деп баяндады Гүлмира Капанова.
Ал психолог әрі суицидолог Михаил Смецкийдің сөзінше, жасөспірімдер өз-өзіне қол жұмсауға шешімді 14-16 жас аралығында жиі қабылдайды. Бірақ қазір ақпарат толқыны кезінде балалардың ерте есеюі байқалады. Сондықтан да кейбір жасөспірімдер арасында 12 жастан бастап психологиялық қиындықтар туындайды. Ал өтпелі кезеңдегі балаларға психологиялық қауіпсіз орта құру өте маңызды. Оған үйдегі ата-ана, мектептегі ұстаздар қауымы әсер етеді. Маман сөз соңында психологтарды оқуға байланысты басқа қаладан келіп, жатақханада тұрып жатқан балаларға көңіл бөлуге шақырды.