Астана әкімдігі қала тұрғындарына үндеу жасады
Астанада аптаның алғашқы күні саршұнақ аяз орнап, жер көктайғақ мұзға айналды. Алдағы күндері күн суытып, ауа температурасы 30 градустан төмен түседі. Қала тұрғындары мен қонақтары жарақат алу, үсік шалу секілді жағдайларға ұшырамас үшін қауіпсіздік шараларын қатаң сақтағаны және далада ұзақ уақыт болмағаны жөн, деп хабарлады Elorda.info қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Астанада бұл күндері қатты көктайғақ болып тұр. Ал қаланың жолдары мен көшелеріне үнемі құм-тұз қоспасы себіліп тұрады. Елорда тұрғындары мен қонақтары тайғанап құлап, жарақат алмас үшін қауіпсіздік шараларын сақтауы керек. Автокөлікті басқару кезінде жылдамдық режимі мен қашықтықты қатаң сақтау қажет.
«Қазгидромет» РМК синоптиктері алдағы күндері күн райы қатты суытатыны туралы хабарлайды.
Сонымен, 9 қаңтарда қалада көктайғақ болып, солтүстік-батыстан, батыстан 9-14 м/с жел соғады, ал түнде екпіні 15-20 м/с. Ауа температурасы түнде және күндіз 24-26 аязды құрайды.
10 қаңтарда жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Солтүстік-батыстан жел 3-8 м/с жылдамдықпен соғады. Ауа температурасы 30-32 градус аязға дейін төмендейді.
11 қаңтарда аздаған қар жауады деп болжанып отыр. Түнде ауа температурасы 33-35, ал күндіз 25-27 аязға дейін төмендейді.
Елорданың коммуналдық қызметтері тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр, қар күреу жұмысы тоқтаусыз жүргізілуде.
Елордада 9 қаңтар күні таңертең қар күреу жұмысына екі мыңнан астам жол жұмысшысы шықты, 1,5 мыңға жуық арнайы техника жұмылдырылды.
Өткен түнде, яғни 8 қаңтардан 9-ына қараған түні қаладан 39 мың текше метрден аса қар шығарылды, бұл 2 349 ауыр жүк көлеміне тең.
Қыс мезгілінің басынан бері қар полигондарына барлығы 1,7 млн текше метрден астам қар мен мұз шығарылды.