Биыл елордада 7695 абонент газға қосылды
Бұл туралы Астана қаласы Коммуникациялар қызметі алаңында өткен «Елорданы газдандыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы» атты брифингте Астана қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Солтамбеков айтты, деп хабарлады Elorda.info.
Оқи отырыңыз: 2024 жылы елордада 300 мыңға жуық адам газбен қамтамасыз етілетін болады
Астана толықтай газдандырылғанда 40 мың тонна зиянды қалдықтан арыламыз – Нұрлан Солтамбеков
Жүргізілген жұмыстардың қорытындысы бойынша 650 шақырым газ тарату желілері салынды. Қазір «Көктал-1», «Көктал-2», «Агрогородок», «Железнодорожный», «Өндіріс», «Оңтүстік-шығыс», «Күйгенжар», «Мичурино» және «Интернацональный» тұрғын алаптарындағы әрбір үйдің тұсына газ құбыры тартылған. Сондай-ақ, «Нұр-Бесік»,«Ақбидай», «Қазақауыл» шағын аудандарына газ тартылды. Бүгінгі таңда елордада 12 мыңға жуық абонент газға қолжетімділікпен қамтамасыз етілді,- деді Нұрлан Солтамбеков.
Қала әкімінің орынбасары барлық құрылыс аяқталғаннан кейін газ желілеріне қызмет көрсетуді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ұлттық операторына берілетінін жеткізді. Оның құрамында 9 авариялық бригада бар. Олар қажетті техника, жабдықтармен толық жабдықталған.
Сондай-ақ, газға ЖЭО-1, ЖЭО-2 жылу энергоорталығының нысандары, әлеуметтік нысандарды жылумен қамтамасыз ететін 13 дербес қазандық, 1 газоблокты бұйымдар шығаратын зауыт пен 10 көппәтерлі тұрғын үй газға қосылды. Биыл Астанада 7695 абонент газға қосылуға мүмкіндік алды, ал өткен жылы бұл көрсеткіш 2139 абонент болды,- деді қала әкімінің орынбасары Нұрлан Солтамбеков.