00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Астанада Ақселеу Сейдімбектің еңбектеріне арналған конференция өтті

31 наурыз, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Астанада Ақселеу Сейдімбектің еңбектеріне арналған конференция өтті
ашық дереккөз

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Отырар» кітапханасында кеше «Ақселеу Сейдімбек және ұлттық рухани құндылықтарды зерделеу: таным, тағылым, тәжірибе» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті, деп хабарлады Elorda.info.

Оған қатысушылар медиа коммуникацияны, цифрлық технологияларды және креативті индустрияны дамыту мәселелерін, әдебиеттану саласындағы жаңа бағыттарды, көрнекті профессордың шығармашылық мұрасын талқылады. ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультеті ұйымдастырған іс-шараға Қазақстан, Түркия, Ресей,  Өзбекстан елдерінің мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғылыми-академиялық қоғамдастығының өкілдері, журналистика, филология және әдебиет саласындағы қаламгерлер мен сарапшылар, студенттер және оның үзеңгілес достары қатысты.

Пленарлық мәжілісті ашқан ЕҰУ ректоры Ақселеу Сланұлының қазақтың рухани өміріне, өткені мен бүгініне сіңірген еңбегіне тоқталды. Белгілі этнограф-жазушының Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде еңбек етіп, оқу ордасының абыройын асқақтатуға үлкен үлес қосты.

Қазақтың бүкіл асыл қасиеттерін бір бойына жинаған, сөзімен ғана емес, ісімен, бар болмысымен, өз ұлтының ар-абыройын асқақтатқан Ақселеу Сейдімбек есімі ел тарихында алтын әріптермен жазылары сөзсіз. Оның қазаққа тән тектілігі, көсемдігі пен шешендігі,    мәрттігі пен тереңдігі, еркіндігі мен кеңдігі, сабырлығы мен сырбаздығы расымен де оны аңыз адамға айналдырды! Шығармашылығын айтпағанда,  Ақаңның ат баптауы,  саз шертуі,   саятшылығы, серілігі, тағы басқа өнері мен өнегесі - Ақаң туралы аңыз осылай өріле береді. Арғы тегіміз түркілер өркениетінің жазба тарихы – Күлтегін ескерткішін ЕҰУ әкелудегі еңбегі ерен. Соның негізінде жазу тарихы музейінің ашылуы да Ақселеу Сланұлы сынды ұлтжанды ғалымдарымыздың бастамасымен жүзеге асқан ұлы жоба. Қазақтың бар асыл қасиетін бойына сіңірген этнограф-ғалымды біздің оқу ордамыздың рухани  ұстазы ретінде әркез мақтан етеміз, -деді ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов.

Конференцияға қатысушылар белгілі этнограф-жазушының туғанына 80 жыл толуына орай оның шығармашылығы мен еңбектері негізінде әдебиет, өнер, тарих және журналистика мен публицистиканың өзекті мәселелерін зерделеді.

1976 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінде істеп жүргенде Болат Бодаубаев Орталық комитетке ауысты да орны босап қалды. Ол орынға Қарағандыда облыстық газетте макет сызып жүрген жауапты хатшы Ақселеу Сейдімбек келді. Ақселеу газетке қалай келді, бөлімнің жұмысы жанданып сала берді. Ақын да, жазушы да, әнші де, тарихшы да редакция келетін. Әсіресе, жазушы Асқар Сүлейменов, композитор Нұрғиса Тілендиевтер жиі болды. Сонда ұлт руханияты туралы әңгіме қозғалатын. Ақаңның аштық, қуғын-сүргін туралы жазған мақалаларынан Тәуелсіздіктің аңсары сол кездің өзінде есіп тұрушы еді. Менің өмірімдегі адамдардың ішінен ойып тұрып алатын адам осы Ақселеу Сейдімбек, - деді ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахман.

Халықаралық конференция барысында Ақселеу Сейдімбек атындағы атаулы стипендияның иегері ЕҰУ журналистика және және саясаттану факультетінің 2-ші курс студенті Аружан Тұрсынова атанды.

Ақселеу Сейдімбек оқырманға алдымен журналист ретінде танылды. Оның публицистикалық еңбектері журналистиканы жаңа деңгейге көтерді. Жәнібек Кәрменов екеуінің қазақтың ән өнері туралы сыр-сұхбаттар сериясы Қазақ телевизиясының алтын қорына кірді, - деді Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ.

Конференция барысында Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры Әбдуақап Қара (Түркия), Әжінияз атындағы Нөкіс мемлекеттік педагогика институтының кафедрасы меңгерушісі Ырысты Құттымұратова  өздерінің ойларымен бөлісті. Сонымен қатар жазушы-ғалым  Тұрсын Жұртбай қаламгердің Еуразия ұлттық университетінде жүрген шақтарына, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әлібек Асқар «Білім және еңбек» журналында бірге қызмет істеген тұстарына, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Несіпбек Айтұлы ғалымдық, сазгерлік қырына, әнші, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткері Серік Оспанов философиялық ойларына тоқталды.

Жиынға қатысушылар назарына Ақселеу Сейдімбектің өмірі мен шығармашылығы туралы фильм, оныңрухани мұрасына арналған кітап көрмесі ұсынылды. Конференция жұмысы 4 секция бойынша жалғасты: «Ұлттық рухани құндылықтарды зерттеу мәселелері»; «Медиакоммуникация және цифрлық технологиялар мен креативті индустрияны дамыту»; «А.Сейдімбектің мұрасы және Тәуелсіздік тарихы»; «Әдебиеттанудағы жаңа ізденістер мен мүмкіндіктер».

Ақселеу Сейдімбек Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде бірнеше жыл бойы еңбек еткен. Отызға жуық көркем, ғылыми-көпшілік, монографиялық еңбектер жазып, соңына мол мұра қалдырған Ақселеу Сейдімбектің еңбегі лайықты бағаланып, ол Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанып, «Құрмет» орденімен марапатталды. Бұған дейін Астана қаласындағы бір мектеп Ақселеу Сейдімбек атын иеленсе, жақында Астана қаласындағы бір көшеге қаламгердің есімі берілді.