Биыл Астанаға 1,2 трлн теңге инвестиция тартылды
Астанада инвестиция мен инвесторлар тарту үшін белсенді әрі жоспарлы жұмыстар үздіксіз жүргізілуде. Бұл туралы «Астана қаласы коммуникациялар қызметінің» алаңында қала әкімінің орынбасары Ерлан Бекмурзаев мәлім етті, деп хабарлады Elorda.info.
Оның нәтижесі аз емес, мәселен, жыл басынан бері қалаға шамамен 1,2 трлн теңге қаржы тартылған (бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,2%-ға көп).
Салынған инвестициялардың құрылымына назар аударар болсақ, 53% немесе 632,9 млрд теңге құрылыс-монтаж жұмыстарына тиесілі, 9% немесе 107,2 млрд теңгені көлік саласы алады және 6 % немесе 76,1 млрд теңге өнеркәсіп үлесіне тиесілі. Бүгінгі таңда Астана тұрғын үй құрылысына инвестициялар көлемі бойынша көшбасшы орында (1-орын), шикізаттық емес секторда 2-орын және негізгі капиталға инвестициялардың жалпы көлемі бойынша 3-орында, – деді Е.Бекмурзаев.
Тікелей шетелдік инвестицияларға келетін болсақ, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында елордаға 1 млрд. АҚШ доллары тартылған.
Мәселен, инвесторларға елордада қолайлы жағдай жасау үшін жеңілдіктермен қоса, әкімшілік кедергілер азайтылуда. Ол үшін «бір терезе» форматында «AstanaInvest» инвестицияларды дамыту орталығы жұмыс істейді.