Елордада 21 шырша қойылады
Астанада Жаңа жыл мерекесіне орай қаланың әр жерінде 21 шырша құрылады, деп хабарлады Elorda.info тілшісі.
Шырша – Жаңа жылдың негізгі нышаны. Желтоқсан айы басталысымен сауда орындарында Жаңа жыл мерекесіне қатысты барлық заттар сатылымға шығарылады. Бір ай бойы бәрімізге мерекелік көңіл-күйді шырша сыйлайтыны белгілі. Өйткені ол жұмыс пен үйде, тіпті қала көшелерінде де көрініс табады.
Оқи отырыңыз: Астаналықтар қыс қызықтарын қайда тамашалай алады
Биыл қалалық әкімдіктер өз аудандарын жылдағыдай әсемдейді. Безендірудің маңызды бөлігіне айналған шырша Есіл ауданында көп болмақ. Әкімдік 3 шырша қойса, сол аудандағы «Mega SilkWay», «Хан Шатыр», «Керуен City» сауда орталықтары мен «My car» автоорталығы 7 шырша орнатады. Олардың биіктігі 8-20 метр.
Алматы ауданында 5 шырша бой көтереді. Атап айтқанда, «Қазақ елі» монументінің алаңында, Оқушылар сарайы, Тәуелсіздік пен Бауыржан Момышұлы даңғылдарында және Қордай көшесінде құрылады.
Елорданың солтүстік жағында орналасқан Байқоңыр ауданында 4 шырша қойылады деп жоспарлануда. Тұрғындар мереке нышанын «Ататүрік» саябағы мен «Жастар» сарайы аумағында тамашалай алады. «Кирпичный» және «Өндіріс» тұрғын үй алаптарында да 8 метрлік шырша шамы жағылмақ. Ал «Сарыарқа» ауданының тұрғандары шырша шамдарын қалалық алаң мен «Көктал» саябағында көре алады.
Жыл сайын қазақстандықтардың бірқатары үйге орманнан кесіліп алып келген шыршаны қоюды әдетке айналдырған. Енді бірі шырша ағашының өте баяу өсетіндігін ескеріп, бас-аяғы бір айға жетпейтін мерекелік кезең үшін жасыл өскінді аяусыз отау мүлде дұрыс емес деп санайды. Ал жасанды шырша кез келген сауда орындарында түр-түрімен толып тұр. Неше түрлі әшекейлермен көмкерілген үлкенді-кішілі шыршалар көздің жауын алады. Қазір базардың төңірегін, дүкеннің алдын бермеген жасыл шыршаға сұраныс жоғары. Жасанды шырша бағасы оның биіктігі мен безендірілуіне байланысты әртүрлі. Баға 20 мыңнан басталып 500 мыңға дейін жетеді. Ал сатушылар Жаңа жылдық жылтырақтарының саудасы қызып тұрғанда бағаға баға қосуды ұмытпайды.