«Тәуелсіздік және елорда» атты республикалық мүшәйра жеңімпаздары марапатталды
Астанада «Elorda Aqparat» медиакомпаниясы Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырған «Тәуелсіздік және елорда» атты республикалық мүшәйраның қорытынды марапаттау кеші өтті, деп хабарлады Elorda.info.
Музыкалық жас көрермен театрында өткен рухани кеш елорда әкімдігінің тікелей қолдауымен өткізіліп отыр. Республикалық жыр додасының қорытынды кешіне еліміздің айтулы ақындары, Парламент депутаттары, Астана қаласы әкімдігінің өкілдері, қоғам қайраткерлері және өлеңсүйер қауым қатысты.
Кеш шымылдығын ашқан «Elorda Aqparat» ЖШС директоры Олжас Сыдықбек ақындар сайысының мақсаты тәу етер тәуелсіздігімізді және Астананы жырлау болғанын атап өтті.
- Ертең 13 желтоқсан Алаш автономиясының құрылғанына 105 жыл толады. Тәуелсіздік - Алаш зиялыларының арманы. Сол Тәуелсіздікке біз жетіп отырмыз. Бабалар арман еткен Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Elorda Aqparat» медиахолдингі осындай шараға мұрындық болып, қасиетті мерекеміз бен Астанамызды жырға қоссақ дедік, - деді Олжас Сыдықбек.
Еске сала кетейік, бір ай бұрын жарияланған байқауға шарт бойынша 40 жасқа дейінгі ақындардың өлеңдері қабылданды. Елімізге танымал, көрнекті ақындардан құралған қазылар алқасы келіп түскен өлеңдерді сараптап, шешімін шығарды. Қазылар құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы, филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті Оңайгүл Тұржан, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай болды.
Барлығы 103 ақыннан келіп түскен 206 өлеңді оқып шығу оңай іс болмағанын айтқан қазылар алқасының мүшесі Ғалым Жайлыбай осы мүшәйра өлеңдерін кітап етіп басып шығаруды ұсынды.
- Егер Тәуелсіздік болмаса, Астана салынбас еді. Қазіргі кезде елорда қазақтар саны бойынша ірі қалалардың ішінде үлкен мегаполиске айналды. Бұл Тәуелсіздіктің арқасы. Тәуелсіздік болмаса қазақтың баласы жан-жақтан бұл жерге ағылмас еді. Астананың төрінен табылмас еді. Астанаға жыр да арнамас еді. Осындай іс-шаралар болмайтын еді. Жастарымыз бас қаланы жырлай берсін. Осындай іс-шаралар көп болсын, - деді жыр кешіне арнайы келген Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп.
Ал Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан «Elorda Aqparat» медиасеріктестігі соңғы кезде осындай мәдени-рухани кештердің ұйытқысы болып, елордалық қаламгерлердің басын қосатын жақсы үрдіс қалыптастырып жүргеніне ризашылығын білдірді.
Ал Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов өз сөзінде елордада Тәуелсіздік күніне арналған 100-ден астам ірілі-ұсақты іс-шараны өткізу жоспарланғанын атай келіп, соның басы осы «Тәуелсіздік және елорда» мүшәйрасы екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, осындай атаулы сәтті пайдалана отырып, ақын Ғалым Жайлыбайды Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық алуымен құттықтап, қала әкімдігі атынан қазақы рәсіммен ақынның иығына шапан жапты.
Сонымен, Алаш арманын, ару қала – Астананы жырларына арқау етіп, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан шын мықтылар сахна төріне шақырылып, ыстық ықылас пен қолпаш-қошеметке бөленді. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, биыл туғанына 90 жыл толған «Жезкиік» ақын Кәкімбек Салықов атындағы арнайы жүлдені Ұмтыл Зарыққан (Астана) иеленді. Үшінші орынды Қарлығаш Қашқынбай (Павлодар) және Айдын Байыс (Астана) бөлісті. Екінші орынға Аршын Нұрбақыт (Алматы облысы) лайық деп табылса, бірінші жүлдені Ілияс Мұқаев (Қарағанды) еншіледі.
- Бұл байқаудың талабы – Тәуелсіздікті немесе елорданы жырлау. Мен байқауға екі өлеңімді жолдадым. Біріншісі – Тәуелсіздік, екіншісі – елорда. Өлеңімнің тақырыптары – «Жерұйық» және «Азаттық жыры». Осы екі өлеңім қазылардың көңілінен шығып, бірінші орын бұйырды. Әр ақын жүлдеден дәмелі болатыны рас. Бұған дейін талай мүшәйраға қатысып, жүлделі орын алдым. Тіпті кейде жүлдеге ілікпей қалған кездер де болды. Алайда орын алып, тасып кеткен жоқпын. Сондай-ақ жүлдеге ілікпей қалып, жасып та кетпедім, - деді байқау жеңімпазы Ілияс Мұқаев.
Жыр кешінде жүлдегер ақындар өлеңдерін оқыса, ал Музыкалық жас көрермен театры әртістері ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін «Ғашық жүрек» поэтикалық қойылымынан үзінді көрсетті. Сондай-ақ белгілі әншілер Медет Салықов пен Клара Төленбаева, Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының «Қорқыт» этноансамблі ән мен күйден, ұлттық әуендерден шашу шашты.
Осындай айтулы шараның өтуіне қаржылай демеу көрсетіп, жүлде қорын тағайындаған «Береке А» корпорациясы мен оның басшысы Рәшкүл Оспанәлиева екенін естеріңізге саламыз.