00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Елордада «Парыз» байқауының жеңімпаздары марапатталды

31 наурыз, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елордада «Парыз» байқауының жеңімпаздары марапатталды
ашық дереккөз

Астанада  жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлады Elorda.info.

ЭКСПО конгресс-орталығында өткен іс-шараға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламентінің депутаттары, орталық мемлекеттік органдар мен республика кәсіпорындарының басшылары қатысты.

Биыл конкурсқа қатысуға 479 ұйым өтінім берді, оның ішінде 178 ірі кәсіпкерлік, 301 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі. «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясында 238 өтінім, «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» номинациясында – 84 өтінім, «Үздік ұжымдық шарт» номинациясында – 86 өтінім, «Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациясында – 39 өтінім, 2020 жылдан бастап тағайындалған «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» арнайы сыйлығымен марапаттауға 32 өтінім түсті.

Орталық мемлекеттік органның басшыларынан, ҚР Парламенті депутаттарынан, бизнес және кәсіби одақтардың өкілдерінен құрылған комиссия құрамы республикалық конкурстың нәтижесін келесідей анықтады: екі санат бойынша 2 Гран-при, 26 лауреат атағы (оның 24-і – екі санатта төрт номинация бойынша үш жүлделі орын, қалған 2-і «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» арнайы премиясының иегерлері).

Ірі кәсіпкерлік субъектілері арасында бас жүлдені Атырау облысының «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» компаниясы алды. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің ішіндегі ең үздігі Ақмола облысының «Шуйское-ХХІ» ЖШС болып анықталды.

«Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясы бойынша ірі кәсіпкерлік субъектілері арасында Ақтөбе облысының «Қазхром ТҰК» АҚ, Шығыс Қазақстан облысының «Шығыстүстімет» ЖШС және Қызылорда облысының «Жаңажол» ЖШС компаниялары лауреат атанды. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің арасында Қарағанды облысының «Коунрад» мыс компаниясы» ЖШС, Ақмола облысының «Мәдениет» ЖШС және Шығыс Қазақстан облысының «Виситаев» ШҚ бар.

«Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша ірі кәсіпкерлік субъектілері арасында: Батыс Қазақстан облысының «Қазбургаз» АҚ, Қызылорда облысының «Торғай-Петролеум» АҚ және Астана қаласының «Центрказэнергомонтаж» АҚ лауреат атанды. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің арасында Солтүстік Қазақстан облысының «Акселеу» ЖШС, Шымкент қаласының «Qut-Bereke Qurylys» ЖШС және Алматы қаласының «Өндірістік-технологиялық жинақтау басқармасы» АҚ жеңімпаз атанды.

«Үздік ұжымдық шарт» номинациясы бойынша ірі кәсіпкерлік субъектілері арасында Түркістан облысының «Кентау трансформатор зауыты» АҚ, Ақмола облысының «Қазақалтын» ЖШС және Атырау облысының «ЮСС Супорт Сервисез» ЖШС лауреат атанды. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің арасында Маңғыстау облысының «CASPI Bitum» БК» ЖШС, Батыс Қазақстан облысының «Czech Camp» ЖШС және Жамбыл облысының «СК Достық К» ЖШС марапатталды.

«Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациясында ірі кәсіпкерлік субъектілері арасында Солтүстік Қазақстан облысының «Радуга» ЖШС, Қарағанды облысының «Шұбаркөл көмір» АҚ және Батыс Қазақстан облысының «Жайықмұнай» ЖШС үздіктер қатарынан көрінді. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің арасында Шымкент қаласының «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС, Қызылорда облысының «Номад Солар» ЖШС және Қарағанды облысының «Рапид» Фирмасы ЖШС лауреат атанды.

«Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» арнайы сыйлығын Атырау облысының «Теңізшевройл» ЖШС ірі кәсіпкерлік субъектісі және Солтүстік Қазақстан облысының «Мамбетов және компания» СС шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері санатының өкілдері иеленді.

Байқау жеңімпаздарына тиісті дипломдар мен айрықша белгілер (статуэткалар) табыс етілді. Сондай-ақ, лауреаттарға конкурс эмблемасын жарнамалық мақсатта осы атақ берілген күннен бастап үш жыл ішінде пайдалану құқығы беріледі.

Еске сала кетейік, 2008 жылдан бері «Парыз» байқауына 6401 кәсіпкерлік субъектісі қатысып, 365 кәсіпорын лауреат атағына ие болды.

Гран-при жүлдесі өз саласында жоғары көрсеткішке және корпоративтік, әлеуметтік, экологиялық жауапкершілік қағидаттарын іске асыруда үздік нәтижеге жеткен үміткерлерге беріледі. Гран-при иегерлері: 2008 жылы – «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС; 2009 жылы – «Торғай Петролеум» АҚ; 2010 жылы – «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ; 2011 жылы – «Теңізшевройл» ЖШС; 2012 жылы – «ҚазТрансОйл» АҚ; 2013 жылы – «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ; 2014 жылы – «Қазгермұнай» БК» ЖШС; 2015 жылы – «Самұрық Энерго» АҚ; 2016 жылы – «АқсайГазСервис» АҚ; 2017 жылы – «Еуразиялық Топ» ЖШС; 2018 жылы – «Казцинк» ЖШС; 2019 жылы – «Еуразиялық Топ» ЖШС; 2021 жылы – «Қарашығанақ Пертолиум Оперейтинг Б.В.».