Елорданың алдағы үш жылдық бюджеті талқыланды
Астанада 2023-2025 жылдарға арналған қала бюджетінің жобасы бойынша Астана қоғамдық кеңесінің тыңдауы өтті, деп хабарлады Elorda.info.
Астана қаласы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Айжан Түгелбаева 2023-2025 жылдарға арналған қала бюджетінің жобасы бойынша баяндама жасады.
Болжамға сәйкес, пәтерлерді сатудан түсетін түсімдерді есепке алмағанда 2023-2025 жылдары өзіндік кіріс 1 трлн 653,5 млрд теңгені құрайды деп күтілуде. Ал 2023 жылы бюджет 553,1 млрд теңгемен толықпақ, - деді ол.
Оның айтуынша, республикалық бюджеттен дамуға арналған мақсатты трансферттер – 139 млрд теңге, оның ішінде 2023 жылғы сома 102,3 млрд теңгені құрамақ. Астана республикалық бюджетке 70 млрд теңге мөлшерінде алым төлеуі қажет.
Астана әкімі аппаратына үш жылдық кезеңде 6 млрд 493,8 млн теңге, оның ішінде 2023 жылға 2 млрд 527,3 млн теңге қарастырылған.
Төрт ауданға бөлінген 2023 жылға арналған жалпы бюджет 44 млрд 262,6 млн теңгені құрайды. Оның ішінде Алматы ауданының аппаратына- 10 млрд 914,9 млн теңге, Байқоңыр – 8 млрд 288,5 млн теңге, Есіл - 15 млрд 272,1 млн теңге, Сарыарқа – 9 млрд 887,1 млн теңге бөлінген.
Жиын соңында қоғамдық кеңес мүшелері қала бюджетінің жобасы бойынша өз ұсыныстары мен ойларын ортаға салды.