00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Педагогтер республикалық конференцияда бас қосты

31 наурыз, 2023
Сабина Кәкімжан Сабина Кәкімжан
Педагогтер республикалық конференцияда бас қосты
ашық дереккөз

Астанада «Әл-Фараби ілімдерінің педагогикадағы рөлі» атты республикалық ғылыми-педагогикалық конференциясы өтіп жатыр, деп хабарлады Elorda.info.

Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында өтіп жатқан іс-шараға Астана, Алматы, Ақтөбе, Көкшетау қалалары мен Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Қостанай облыстарының барлық деңгейдегі білім беру ұйымдарының педагогтері қатысуда.

Қазіргі жаһандану дәуірінде ұлы ойшыл және ғалым Әл-Фараби мұрасы - ерекше маңызды. Оның ғылыми мұрасын  білім беру ұйымдарында, мектептерде оқушыларға, жастарға насихаттау жұмыстары жан-жақты жүргізіліп келеді. Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу -  аса жауапты әрі күрделі міндет. Бүгінгі конференция  қатысушыларына шығармашылық табыс тілеймін, - деді Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Серік Адылбаев.

Іс-шараның мақсаты - Әбу Насыр әл-Фарабидің бай шығармашылық және ғылыми мұрасына халық пен жұртшылықтың назарын аудару.

Әл-Фараби ілімі қазіргі заманмен ұштасып отыр. Өйткені бүгінгі таңда логика, философия, математика, музыка, әдеп өте қажет. Педагогтерге үлкен мүмкіндіктер беріліп отыр. Егер ұстаз кәсіби шебер әрі білімі терең болса, өскелең ұрпақтың өмірі жарқын болады, - деді Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының  Әдістемелік қызметті үйлестіру және педагогті кәсіби дамыту орталығының жетекші сарапшысы Сара Жұманова.

Конференция екі бөлімнен тұрады.Ал  пленарлық отырысында әл-Фарабидің философиялық мұрасының әртүрлі аспектілеріне арналған баяндамалар оқылады.

Айта кетейік, конференция аясында әдебиет, тәрбие, ғылым және өнер бойынша 4 секция жұмыс істейді.

Республикалық конференцияға қатысушылардың бірі – Қостанай облысынан келген Ақбаян Баешова. Ол – шет тілі пәнінің мұғалімі.

Осы конференцияға келген себебім – Әл-Фараби атамыздың педагогикадағы ілімдерінің мәнін түсіну, пайдалы ақпараттармен алмасу. Сондай-ақ  баяндамамды қорғауға келіп отырмын. Оның тақырыбы – «Уақыттан озбаған нақыл сөз». Мұнда тәрбие мәселесі көтеріледі. Нақтырақ айтсам, мұнда уақыты өтіп кеткен тәрбиенің салдарын қалай өзгертуге болады. Сол бағытта зерттеп келдім. Конференция жоғары деңгейде өтіп жатыр. Осында келгеніме қуаныштымын, - деді қатысушы.

Сондай-ақ конференцияға қатысушылар іс-шарадан соң елордадағы ұлттық академиялық кітапханаға барып, «Сирек кітаптар мен көне қолжазбалар» қорымен танысады. Кейін «Ел жастары» театрының «Алаш спектаклін тамашалайды.