00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Астанаға биыл ЭКҰ-ға 514 квота бөлінді

31 наурыз, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Астанаға биыл ЭКҰ-ға 514 квота бөлінді
ашық дереккөз

2021 жылдан бастап ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстанда «Аңсаған сәби» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарламаның мақсаты – қосалқы репродуктивті технологиялардың көмегімен отбасылық-демографиялық проблемаларды шешуге жәрдемдесу,деп хабарлады Elorda.info.

2021 жылы Медициналық сақтандыру қоры экстракорпоралдық ұрықтандырудың 7000 циклін қаржыландыруды жоспарлады, жасанды ұрықтандыру рәсімін жүргізуге квоталар саны 2020 жылмен (1105 ЭКҰ қызметі көрсетілген) салыстырғанда салыстырғанда 7 есеге өсті. Астана қаласы бойынша биыл ЭКҰ-ға 514 квота бөлінді. «Аңсаған сәби» бағдарламасы балалы болу мүмкіндігін арттыруда,- деп мәлімдейді "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ елорда филиалының баспасөз қызметі.

Экстракорпоралдық ұрықтандыру емшаралары (процедура) құны қымбат жоғары технологиялық медициналық қызметтерге жатады. Бұған дейін ЭКҰ тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жүргізілді. Алайда, қаржыландыру көлемі аз болды, жылына шамамен 900-1000 квота бөлінді. 2021 жылдан бастап, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстанда «Аңсаған сәби» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл квота санын 7 есеге – жылына 7 000-ға дейін арттыруға мүмкіндік берді. Емшара МӘМС жүйесіндегі медициналық қызметтер тізбесіне кіреді, сондықтан сақтандырылған пациенттер оны тегін өте алады.

Елордада 1238 ерлі-зайыпты бедеулікпен есепте тұр. № 2 қалалық көпбейінді аурухананың әйелдер денсаулығы бөлімшесі Астана қаласы бойынша ЭКҰ-ға дайындық – қосалқы репродуктивті технологиялар арқылы көмек көрсету бойынша ұйымдастыру-әдістеме және үйлестіру орталығы болып табылады. Биыл елордаға 514 квота бөлінді. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жұмыс комиссиясы есепте тұрғандарға бөлінген квоталарды 100% бөліп, таратты.

2021 жылдан бастап елорданың МСАК ұйымдары бұрын емделмеген және жеке медициналық орталықтарға қаралған бедеулігі бар пациенттерді белсенді түрде анықтап, есепке алуда. "Аңсаған сәби" бағдарламасын іске асыру арқасында көптеген ерлі-зайыптылар үшін МӘМС шеңберінде ЭКҰ рәсімі қолжетімді болды, квотаны күту ұзақтығы айтарлықтай қысқарды және бедеулік түрлері анықталатын көрсеткіштер аясы кеңейді, - деп бөлісті №2 қалалық көпбейінді аурухана директорының амбулаториялық қызмет жөніндегі орынбасары, Астана қаласы бойынша ЭКО және отбасын жоспарлау жөніндегі үйлестіруші Ибраева Сәуле Жамантайқызы.

ЭКҰ кімдер ала алады?

ЭКҰ емшарасын жүргізуге негіз болатын басты көрсеткіш – терапиялық жолмен емделмейтін бедеулік. ЭКҰ-ға ерлі-зайыптылар да, ресми некеде тұрмайтын ерлі-зайыптылар да өтініш бере алады, бірақ бұл жағдайда өзара ерікті жазбаша келісім қажет. Сондай-ақ, ЭКҰ емшараларын Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген мына медициналық параметрлерге сай келетін Қазақстан азаматтары ала алады: репродуктивті жас (18-ден 49 жасқа дейін); қалыпты соматикалық күй; қалыпты эндокриндік күй; қанағаттанарлық овариалдық резерв.

Науқасты экстракорпоралдық ұрықтандырудан бас тарту бірнеше жағдайда болуы мүмкін: жатырдың туа біткен немесе жүре пайда болған ауытқулары кезінде; соматикалық және психикалық бұзылулар кезінде; аналық без ісіктерінде; жедел қабыну ауруларында; онкология кезіндегі кез-келген оқшаулауда.

ЭКҰ жолдаманы қалай алуға болады?

ЭКҰ-ға жолдама алу үшін тіркелген жері бойынша емханаға жүгіну қажет.

Ұйым мамандары пациентті бедеулігі бар пациенттердің диспансерлік электрондық тіркеліміне енгізеді және бірқатар тексерулер-зерттеулер тағайындайды.  Бедеулік диагнозын қою кезінде ерлі-зайыптылар №2 қалалық көпсалалы аурухананың әйелдер денсаулығы бөліміне жіберіледі, онда диагнозды толық және қосалқы тексеру, пациенттерді емге алдын ала дайындау шаралары жүргізіледі. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жұмыс комиссиясы МӘМС аясында қолдан ұрықтандыруды мақұлдаған жағдайда әйелді «Емдеуге жатқызу бюросы» порталында тіркейді және қосалқы репродуктивті технологиялар (ҚРТ)  қызметтерін көрсететін клиникада рәсімге дайындала бастайды. Науқас экстракорпоральды ұрықтандыру үшін клиниканы таңдауға құқылы.

ЭКҰ емшарасынан жылына бір рет МӘМС бойынша тегін өтуге болады. МӘМС жүйесінде ЭКҰ жүргізер алдында ерлі-зайыптыларды тексеру көлемі қарастырылған тізбеге сәйкес жүзеге асырылады.

Айта кетейік, еліміздің 9 өңірінен 19 медициналық ұйым Қордың ЭКҰ қызметтерін жеткізушілері болып табылады, оның 18-і жекеменшік. Пациент экстракорпоральды ұрықтандыру үшін клиниканы таңдауға құқылы. ЭКҰ қызметтерін көрсететін жеткізушілердің тізімімен Қордың fms.kz ресми сайтында «Пациент үшін», одан әрі «Клиниканы таңдау» бөлімінде танысуға болады.