Алтай Көлгінов мұғалімдермен білім саласындағы мәселелерді талқылады
Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов мұғалімдермен бірге білім саласындағы мәселелерді талқылады, деп хабарлады Elorda.info.
Мектеп және колледж мұғалімдерімен бірге білім беру саласын одан ары дамыту, оқу орындарын салу, инклюзия кабинеттерін ашу, гранттар бөлу секілді т.б. мәселелерді талқыладық. Оқу орындарының құрылысын жүргізуге, білім беру сапасын арттыруға, жұмыс істеу үшін қолайлы жағдай жасауға бірдей көңіл бөлеміз. Жас мамандарды қызықтыру мақсатында жыл сайын білім гранттарын бөлеміз. Мәселен 3 жыл ішінде 1 400 грант берілген болса, биыл 1 мыңнан астам білім грантын бөлдік. Сол сияқты жеке инвестордың есебінен педагогикалық институт салуды жоспарлап отырмыз. Білім беру саласының қызметкерлеріне арналған бірқатар тұрғын үй бағдарламалары бар. Әлеуметтік нысандар салу – жүйелі жұмысымыздың маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатта 420-дан астам жер учаскесі белгіленді: мектеп салу үшін – 158 учаске, балабақшалар үшін – 185, медициналық орталықтар үшін (емханалар, перзентханалар, оңалту орталықтары) – тағы 78 учаске. Әлеуметтік нысандарды салу үшін жер учаскелерінің санын жыл сайын ұлғайтатын боламыз. 2019 жылдан бастап 93 мың оқушыға арналған (2 ауысымда) 45 мектеп салдық. Оның 9-ын биылғы оқу жылында ашамыз. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 84 мыңнан астам оқушыға арналған (2 ауысымда) 23 аса ірі мектепті жобалау жұмысы басталды. Олардың құрылысын келесі жылы бастаймыз. Сол сияқты 40-қа жуық оқу орнында (мектептер, балабақшалар, колледждер) күрделі және ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілді, мектеп кітапханаларының 38%-ы жаңғыртылды, бірқатар қосымша білім беру орталықтары, оның ішінде шахмат үйірмелері ашылды. Ерекше қажеттілігі бар жандардың кедергісіз өмір сүруі үшін жайлы орта құру жұмысын жалғастырамыз. Биыл қыркүйек айынан бастап көру қабілеті бұзылған балаларға арналған 4 арнайы сынып аштық. Ал желтоқсан айында аутизммен ауыратын балаларды қолдау орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Жоғарыда аталған шаралардың бәрін ары қарай да дамытуды жалғастырамыз. Білім беру саласының мамандарымен өтетін тұрақты кездесулер проблемаларды жылдам шешуге, сол сияқты жоспарымызға міндеттер енгізуге мүмкіндік береді, - деді елорда әкімі.