00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Азия чемпионатында топ жарған елордалық боксшылар елге оралды

31 наурыз, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Азия чемпионатында топ жарған елордалық боксшылар елге оралды
ашық дереккөз

Бүгін Амман қаласында өткен бокстан Азия чемпионатында топ жарған елордалық былғары қолғап шеберлері елге оралды, деп хабарлады Elorda.info.

Ел мерейін асқақтатқан спортшыларды елорда әуежайынан қарсы алуға қала әкімінің орынбасары Ерлан Бекмурзаев, Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев, МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Серіққанұлы және спорт саласының өкілдері зор қуанышпен, құшақ-құшақ гүл шоқтарымен салтанатты түрде күтіп алды.

Сонымен қатар былғары қолғап шеберлерін әуежайдан жанкүйерлері, ата-аналары, туған туысқандары мен чемпиондардың достары да үлкен қошеметпен қарсы алды.

Еске салсақ, бокстан Қазақстан әйелдер, ерлер құрамасы 2022 жылғы Амманда (Иордания) өткен Азия чемпионатында өз ойындарын аяқтап, жалпы командалық есепте медальдар саны бойынша бірінші орын иеленген болатын.

Дүбірлі додада Астаналық спортшылар екі алтын, екі қоланы еншіледі. Атап айтқанда, Қазақстан құрамасы сапындағы жерлестеріміз Санжар Ташкенбай (48 кг) мен Айбек Оралбай (-92 кг) алтыннан алқа тағып, чемпион атанса,  Нұрбек Оралбай (80 кг) қола медаль алды. Ерлер арасындағы жалпы есепте 5 алтын, 2 күміс, 3 қоламен Өзбекстан құрамасы 1-орын алса, Қазақстан 2-орынға ие болды. Үздік үштіктен жарыс қожайыны Иордания (2 алтын, 2 күміс, 1 қола) көрінді.

Ал әйелдер бәсекесінің қорытындысы бойынша астаналық Ләззат Күнгейбаева (+81кг) өз салмағында үштікті түйіндеді.

Әйелдер арасында Үндістан (4 алтын, 1 күміс, 1 қола) көш бастаса, 2-орын Қазақстанның (3 алтын, 1 күміс, 5 қола) еншісінде қалды. Одан кейін Жапония (1 алтын, 3 күміс), Оңтүстік Корея (1 алтын, 1 күміс, 4 қола), Өзбекстан (1 алтын, 1 күміс, 1 қола), Тайвань (1 алтын, 3 қола), Вьетнам (1 алтын, 1 қола) жайғасқан.

Айта кетейік, 31 қазанда басталған сары құрлық додасында ерлер 13, әйелдер 12 салмақта сынға түсті.

Чемпионатты Азия бокс конфедерациясы (ASBC) Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) ережелерін негізге ала отырып ұйымдастырды.