00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Елордалықтар әскерден оралған жас жауынгерлерді қарсы алды

31 наурыз, 2023
Айман Нығмет Айман Нығмет
Елордалықтар әскерден оралған жас жауынгерлерді қарсы алды
ашық дереккөз

Елорданың Қорғаныс істері жөніндегі департаменті жас жауынгерлерді салтанатты түрде қарсы алу іс-шарасын ұйымдастырды, деп хабарлады Elorda.info Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Пойыздың Алматыдан Астанаға келуінің өзі де ерекше болды. Перронда Қарулы күштер мен Ауған соғысы ардагерлері, «Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері, сарбаздардың ата-аналары, туыстары мен достары жиналды.

Осыдан тура бір жыл бұрын елорданың осы теміржол вокзалынан 35-ші гвардиялық десанттық-шабуылдау құрамасында қызмет етуге қырық сарбаз жібердік. Қарулы күштердің осындай мықты бөлімшесінде шымыр және жан-жақты жақсы дайындалған жастарды жинаймыз. Бұл – олардың келешегіне жақсы жолдама. Армия мектебінен өткен адамның жұмысқа орналасуда да өзіндік артықшылығы барлығына нық сенімдімін, - деп атап өтті Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, майор Артур Қасқарауов.

«Қарулы Күштердің ардагерлері» РҚБ төрағасының орынбасары, генерал-майор Марат Нағұманов осындай ұлдар тәрбиелеген сарбаздардың ата-аналарына ерекше алғысын білдірді.

Біз Отан алдындағы борышын өтеген жігіттерді қарсы алдық. Әскерден қашатындардай емес, олар – өскелеңге ұрпаққа үлгі. Әлемдегі жағдай, қаңтар оқиғасы жастарды елді, жерді сүюге тәрбиелеу қажеттігін көрсетіп жатыр. Бізге нағыз патриоттар керек, онсыз Мәңгілік ел ұлттық идеясын жүзеге асыру мүмкін емес, - деді ардагер.

Запасқа шығарылған әскери қызметшілерді әскери оркестрдің әуенімен сүйемелдеп қарсы алған теміржол бойы нағыз мерекелік алаңға айналды.

Мен десанттық-шабуылдау батальонында граната атқыш маманы болып қызмет еттім. Бастапқыда ауыр болғаны рас, кейінірек бәріне үйрендім. Қызмет барысында парашютпен жеті рет секірдім, - деді гвардия қатардағы жауынгері Бекзат Орынбасар.

Туыстары мен жақындары оның шымырланған сымбаты мен сенімінің артқанына таң қалды. Әрине, бұл – командирлердің, сержанттардың, нұсқаушылардың және сарбаздардың жұмыстарының нәтижесі.

Әскерден келген сарбаз Әлішер Тастыбайдың әжесі шынайы қуанышымен бөлісті.

Менің немерем Қонаев гарнизонындағы десанттық-шабуылдау бригадасында қызмет етті. Ол көп нәрсені үйреніп, парашютпен де секіруді меңгерді. Бөлім командиріне бізбен байланыс орнатқаны, жаңалықтарын айтуға мүмкіндік бергені үшін көп рахмет, - деді Күлпан Шайсұлтанова.

Теміржол бойындағы осынау оқиғаға куә болғандардың бәрі қуанды. Түр-тұлғасын ерекшелеп тұратын көгілдір берет киген десантшыларға балалар қызыға қарады.