Астананың жалпы өңірлік өнім көлемі өсті
Елорда мәслихатында 2023-2025 жылдарға арналған Астана қаласының бюджет жобасын талқылау бойынша әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті, деп хабарлады Elorda.info «ҚазАқпаратқа» сілтеме жасап.
Мәслихат депутаттарының алдында баяндама жасаған экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев қаланың биылғы 9 ай ішіндегі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталды. Оның сөзінше, бас шаһардың экономикалық өсу тенденциясын тұрақты.
Басқарма басшысы Астананың дамуын айқындайтын негізгі индикатор - жалпы өңірлік өнім көлемі екенін атап өтті. Ол келтірген дерек бойынша 2022 жылдың II жартыжылдығында елорданың ЖӨӨ 3,6 млрд теңгені құраған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,1 пайызға артық. Ал бас шаһардың еліміздің жалпы ішкі өніміндегі үлесі 9 пайыз.
Сонымен қатар, Астана қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары Госман Жакин 2023 жылғы бюджет жобасында қосымша шығыстарды ескеруді ұсынды. Оның мәліметіне сәйкес, нашақорлық, есірткі қылмысының алдын алу, тұрғын үй төлемдері, қызметкерлерге үстемеақы беру, киім-кешек қажеттіліктері мен «Цифрлық полиция» жобасын іске асыру қосымша қаражатты талап етеді.