Астанада мектеп салатын 102 жер учаскесі белгіленді (ФОТО)
Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов бірқатар мектептің құрылыс барысымен танысты, деп хабарлады Elorda.info.
Мектеп салу – өзекті мәселе. Елорда тұрғындарының жыл сайын артып келе жатқаны ескеріліп, оқу орындары орналасатын жер учаскелерінің де санын көбейттік. Қазіргі уақытта мектеп салынатын 102 жер учаскесін белгіледік. Жер учаскелері әлеуметтік нысандардың қажеттіліктеріне орай қаланың барлық ауданында орналасқан. Мәселен елорда тұрғындары көбірек шоғырланған және қарқынды дамып келе жатқан Есіл ауданында мектеп салынатын – 49 учаске, Алматы ауданында – 29 учаске және т.б. Мектеп пен өзге де маңызды әлеуметтік нысандар салу үшін жер учаскелерінің саны жыл сайын артатын болады. Әр ауданда (шағын аудандарда) оқу орындары болуы үшін егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына (ЕТЖ) арнайы бағыт бекітілді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 23 аса ірі мектептің жобасын жүргізіп жатырмыз. Бұл 23 мектеп 2 ауысымда 84 мыңнан астам оқушыны қамтуға мүмкіндік береді. «Жайлы мектеп» жобасы аясында білім ошақтарының құрылысын келесі жылы бастаймыз. Осылайша, біз ауқымды мектептер салуды жалғастырамыз, – деп жазды А.Көлгінов.
Осыған дейін Астанада 6 ірі мектеп ашылды, олардың әрқайсысы 4 мың оқушы орнына (6 мектептегі оқушы орындарының жалпы саны – 2 ауысымда 24 мың) есептелген.
Қаланы аралау барысында бірқатар мектептің құрылыс барысымен таныстым. Мысалға бұл мектептер Ұлы Дала даңғылында, Ұлы Дала мен Сауран даңғылының қиылысында, 187-көшеде және Қарасай батыр көшесінде орналасқан. Аталған мектептерді биылғы оқу жылында ашуды жоспарлап отырмыз. Елордада 3 жыл ішінде 70 мың оқушыға есептелген 2 ауысымды 34 мектеп салынды, – деді әкім.