00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Астанада Бақыт Жасқалиеваның «Жылы жүрек» атты кітабы жарық көрді

31 наурыз, 2023
Айман Нығмет Айман Нығмет
Астанада Бақыт Жасқалиеваның «Жылы жүрек» атты кітабы жарық көрді
ашық дереккөз

Елордада ардагер қаламгердің жаңа кітабы жарық көрді, деп хабарлады Elorda.info.

Б.Жасқалиқызы Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында дүниеге келіп, біраз жыл Орал қаласында тұрып, еңбек етті. Соңғы жылдары елордада тұрады.

Өмірлік жолдасы Дайыр Досаев елімізге белгілі журналист, ұзақ жыл Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газетінде қызмет етті, қазір зейнет демалысында. Екеуі ұл-қыз өсіріп, немерелер тәрбиелеп отырған берекелі отбасы.

Бақыт Жасқалиева – еңбекқор журналист. Мақалалары әр жылдары аудандық, облыстық және республикалық газеттерге жарияланған. Кітапқа іріктеліп алынған шығармаларының өзі 500 беттен асып отыр. Автордың тақырыпты таңдай білетінін анық аңғаруға болады. Қаламгердің көздеген мақсаты – еңбегімен елге танылған замандастары немесе ерекше тағдыр иелері туралы мақала жазып, халыққа таныстыру, олардың арман-тілегін жеткізу және көкейдегі проблемаларына қоғамның назарын аудару. Осы орайда, қалам иесінің қол жеткізген табыстары баршылық.

Қаламгердің еңбек майталмандары туралы жазған мақала, очерктері бастапқыда Жаңақала аудандық «Жаңарған өңір» газетіне шыға бастайды. Одан кейін мақалалары облыстық «Орал өңірі» газетінде тұрақты жарық көреді. Сондай-ақ Орал қаласындағы «Еділ-Жайық» пен «Жүздесу» басылымдарымен де шығармашылық тығыз байланыста болған. Ал астанаға қоныс аударған соң, ерекше кейіпкерлері туралы туындыларын республикалық «Төртінші билік» газетіне ұсынып келеді.

Зиялы қауым бас қосқан ортада автордың «Жылы жүрек» кітабының таныстырылымы болып өтті. Қазақстанның құрметті құрылысшылары Мақсот Мұхатов пен Мақсот Бекқұлов, ардагер журналист Баян Мұхамбетқалиев жаңа жинақ туралы жылы лебіздерін білдірді. Ардагер ұстаз Ардақ Қайырғалиқызы ақ тілегін арнап, шашу шашты.

Бұл кітапты оқыған жандар адамдық құндылықтардың бағасын білетін болады. Өсіп келе жатқан жас ұрпақ тағылым алатын тұстары да көп. Немерелеріміз осы кітаптағы кейіпкерлердің, яғни, ел-жұртқа қадірлі болған асыл азаматтардың қасиеттерін бойларына жинап, үлгі алғаны жөн, - деді Мақсот Мұхатов.

24 баспа табақтан тұратын кітаптың бірінші бөлімі «Жылдар жырлаған жырлар» деп аталады, мұнда автордың өлеңдері берілген. Ал «Кейіпкерлерім – сүйікті ерлерім» бөлігінде мақалалары топтастырылған.