Соңғы үш жылда апатты жағдайдағы үйлерден 700-ге жуық отбасын көшірдік – Астана әкімі
Астана қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің азаматтарды апта сайын қабылдау жұмысы жалғасып жатыр, деп хабарлады Elorda.info.
Осы айда жеке қабылдауымда 30-дан аса отбасы болды. Ал жыл басынан бері әріптестеріммен бірге 4 мыңнан астам қала тұрғынын қабылдадым.
Тұрғындарымызға ыңғайлы болу үшін әлеуметтік орталықтар да жұмыс істейді. Сонымен бірыңғай тұрғын үй орталығында 50 мыңнан астам адам, «Жанұя» әлеуметтік орталығында 48 мыңнан астам адам тиісті көмек пен кеңес алды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тұрғындардың сұранысын ескере отырып, әлеуметтік нысандардың (мектептер, медициналық орталықтар), қолжетімді әрі жеңілдікті баспана, қоғамдық кеңістіктер, аула аумағы және т.б. құрылысының қарқынын арттырдық.
Сол сияқты құрылысы ұзаққа созылған нысандарды аяқтау, апатты үйлерді бұзу жұмысы жүріп жатыр. Соңғы үш жылда апатты жағдайдағы үйлерден 700-ге жуық отбасын көшірдік. Биыл тағы 300-ден аса отбасын көшіруді жоспарлап отырмыз. Азаматтарды қабылдау, қаланы аралау барысында және өзге де кездесулерде қозғалатын проблемаларды шешу мәселесі уақытылы қолға алынады, – деп жазды қала басшысы өзінің instagram-парақшасында.