Астанада «Күйшілер аллеясы» ашылды
Елордада Республика күніне орай «Күйшілер аллеясы» ашылды, деп хабарлады Elorda.info.
Мұнда қазақтың 101 күйшісінің есімі жазылған ескерткіш қойылған. Ескерткіштің бір ерекшелігі – бір жағында мыстан құйылған қобыз, бір жағында домбыра тұр. Мәрмәр тастан жасалған ескерткіштің ұзындығы - 3 метр, ал биіктігі - 2 метр. Идея авторы Төлеген Қуанышевтің айтуынша, мұны жасауға шамамен алты айдай уақыт кеткен.
Байқасаңыздар, кіреберісте шаңырақ бейнеленген. Ал бұл қазақ халқының символы ғой. Сондай-ақ қазақты өзінің күйімен, өнерімен танытқан 101 күйшінің аты мәрмәр тасқа қашалып жазылған. Ал мұндай көлемді тасты Алматы облысынан алдырдық. Бүгін – ұлттық өнеріміздің мерекесі. Осындай мерекелер алда көп бола берсін, - деді идея авторы әрі профессор Төлеген Қуанышев.