Елордадағы жәрмеңкеге павлодарлық кәсіпкерлер 520 тоннаға жуық өнім әкелді
Павлодар облысының тауар өндірушілері өз өнімдерін елордалық жәрмеңкеде ұсынып жатыр, деп хабарлады Elorda.info.
Өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен өңдеуші кәсіпорындары елорда тұрғындары мен қонақтары үшін 520 тонна өнім әкелді: 280 тонна картоп, 60 тонна сәбіз, 40 тонна орамжапырақ, 15 тонна қызылша, 28 тонна сиыр еті, 28 тонна жылқы еті, 11 тонна сүт өнімдері, 10 тонна балық, 8,5 тонна бал, 7 тонна шұжық өнімдері және жартылай фабрикаттар, 6 тонна өсімдік майы, 3 тонна қой еті, 2 тонна құс еті және 100 мың дана жұмыртқа.
Өткен жылдардағы тәжірибе бойынша павлодарлық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің барлық өнімдерінің ішінде астаналықтар арасында ет, ет өнімдері, бал, картоп және көкөністер ерекше танымал.
Айта кету керек, ауылшаруашылық базарлары тауар өндірушілерге өз өнімдерін тікелей тұтынушыларға делдалсыз сатуға мүмкіндік береді, нәтижесінде тауарлардың бағасы нарықтық бағадан 10-20% төмен.
Мен елордада ұйымдастырылып жатқан ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне үнемі барамын. Павлодар облысының картоптары ерекше дәмді. Сонымен қатар сүт, қаймақ, сүзбе сатып алдым. Үй тағамдарын жақсы көремін. Мұндағы өнімдер бағасы жағынан арзан. Біз сияқты зейнеткелер үшін мұндай жәрмеңкелер өте тиімді, – дейді елорда тұрғыны Үміт Сарыбаева.
Жәрмеңке барысында елорда тұрғындары мен қонақтарына арналған концерттік бағдарлама дайындалды.
Елордада ауылшаруашылық жәрмеңкелері әр демалыс күндері 30 қазанға дейін өтеді.