Түрік агенттігі елордада оңалту орталығын ашуға көмектеспек
Астанадағы «Ерекше аналар» оңалту орталығында Түркия Республикасы Мәдениет және тиуризм министрлігі жанындағы «TIKA» Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің президенті Серкан Каялар және Агенттіктің Қазақстандағы үйлестіру кеңсесі үйлестірушісі Хүсейін Хикмет Өзденоулу болды, деп хабарлады Elorda.info.
2021 жылдан бастап жұмыс істейтін орталықта қазіргі таңда ерекше қажеттіліктері бар 157 бала бар. Бұл орталық мүгедектігі бар балалардың аналарының қолдауымен құрылған. Оңалту орталығының қызметі тегін. Мұнда сал ауруы мен аутизмге, Даун синдромына шалдыққан балалардан құралған он топ бар. Дефектолог, логопед, музыкалық терапевт, массажист, нұсқаушылар балаларға көмек көрсетеді.
«TIKA» Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі Президенті Серкан Каялар орталықтың жұмысымен танысты.
Бұл орталықта мүмкіндігі шектеулі балаларға барлық жағдай жоғары деңгейде жасалған. Мұндағы балалардың болашағы олардың аналары үшін ғана емес, қоғам үшін де маңызды. Бұл оңалту орталығы балаларымызға өте қажет. Орталықта емдік дене шынықтыру залы, тұзды бөлмелер, логопед, психолог және басқа да кабинеттер бар. Мұнда балаларға қажет жан-жақты кешенді көмек көрсетіледі екен, - деді Серкан Каялар.
Сонымен қатар іс-шара барысында тараптар тәжірибе алмасуға уағдаласты.
«TIKA» Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі Президентінің оңалту орталығы сапарында біз жаңа жоба құруға келістік. Қазіргі орталыққа ең көп дегенде 160 бала ғана сыяды. Осы ретте Серкан Каялар бізге жаңа филиалдар ашуға көмегін бермек, жарақтандыруға жәрдемдеспек. Енді орталықты кеңейткіміз келеді. Алдағы уақытта олармен жемісті жұмыстар атқарамыз деген ойдамын. Сондай-ақ тараптар екіжақты тәжірибе алмасуға уағдаластық. Біздің мамандарды оқытатын болды. Ол жақтан үйренген тәжірибемізді өз елімізде пайдаға жаратамыз, - дейді «Ерекше аналар» оңалту орталығының директоры Салтанат Қалеева.
Серкан Каялар оңалту орталығымен танысқаннан кейін жүргізіліп жатқан жұмысты жоғары бағалап, өзінің сый-сыяпаттарын табыстады.
Аяулым Серік