00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

«Шіркін, Атыраудың балығы дәмді ғой»: елордада ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі болып жатыр

31 наурыз, 2023
Ғани Атымтай Ғани Атымтай
«Шіркін, Атыраудың балығы дәмді ғой»: елордада ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі болып жатыр
ашық дереккөз

Елордада Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының тауар өндірушілері өз өнімдерін ұсынып жатыр, деп хабарлады Elorda.info.

Мұнда екі облыс 47-ден астам тауар түрін ұсынды. 90 тоннадан астам сиыр еті мен жылқы еті, 44 тонна балық, 17 тонна ұн мен макарон өнімдері сатылып жатыр.

Атырау облысынан біз 110 тонна ауыл шаруашылығы өнімін, оның ішінде 44 тонна балық әкелдік. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8 тоннаға артық. Сондай-ақ ет, көкөніс пен жеміс әкелдік. Елорда тұрғындарының көңіл күйін көтеру үшін концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Біздің өнімдеріміздің бағасы нарықтағы бағадан 20%-ға төмен, – деді Атырау облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Рүстемов.

Жәрмеңкеде әдеттегідей адам қарасы көп. «Өзіміздің балыққа ештеңе жетпейді-ау» деп сөйлеп бара жатқан жігіт ағасын тоқтатып, аз-кем әңгімеге тарттық. Өзі де аңқылдаған азамат екен, сөзді өзі бастады.

Мына ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі деген жақсы ғой, – деді өзін Серікбай Айсағалиев деп таныстырған тұрғын. – 6 жыл болды, осы астанада тұрамын. Атырау облысының тумасымын. Баламды ертіп келгенмін. Соған айтып жатқаным ғой, балық сатып алайық деп (күлді). Шіркін, Атыраудың балығы дәмді ғой. Аздап сиыр етін сатып алып, міне, ақшам жеткенше балық сатып алғым келді. Отбасымызбен бұл тағам түрін сүйсіне жейміз (тағы күлді). Бірақ осы балам ғана балықты онша ұната қоймайды, – деп шамамен 6-7 жастағы баласының басынан сипап қойды.  

Нарықтық бағадан арзан бағада өнім ұсынатын жәрмеңкеде 15 тонна көкөніс, 10 тонна картоп, 10 тонна шұжық және консерві өнімдерінің түрлері, 5 тонна өсімдік майы, 5 тонна сүт өнімдері, 2 тонна жеміс-жидек, 36 мың жұмыртқа, сондай-ақ 21,7 тонна басқа да өнімдер әкелінген екен.

Осы тұста көкөніс таңдап жүрген ерлі-зайыпты елордалықтарды да сөзге тарттық. 

Жақын жерде тұратын болған соң апта сайынғы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін асыға күтеміз. Әйтпесе супермаркеттер мен дүкендерде баға удай қымбат. Бүгін бірнеше литр сұйықмай мен көкөністер сатып алып жатырмыз. Кешке достарымыз қонаққа келеді, соған салат жасаймын, – деді Зарина Қасымова.

Осы тұста әңгімеге араласқан отағасы Арман Қасымов, журналист болған соң ба, азық-түлік бағасының күннен-күнге шарықтап бара жатқанын ашына жеткізді. Ал ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне көңілі толатынын, бұдан да жиі өткізіліп тұруы керек екенін жеткізді. 

Астаналықтар азық-түліктен басқа рухани азық та алды. Қала әкімдігінің жәрмеңке қонақтары үшін арнайы ұйымдастыратын концерттік бағдарламаны тамашалады.

Еске сала кетейік, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі әр сенбі және жексенбіде Тұран, 48 мекенжайында орналасқан «Астана-Арена» стадионының жанындағы алаңда өтіп тұрады. 13 қарашаға дейін созылады.

Алдағы аптада болатын жәрмеңкеде Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының кәсіпкерлері өз өнімдерін 1-2 қазан күндері ұсынады.