Елордада Қазақстанның Әйелдер күштері альянсының кездесуі өтіп жатыр
Елордада қалалық Ішкі саясат басқармасы мен Қазақстанның Әйелдері күштері альянсының кездесуі өтіп жатыр, деп хабарлады Elorda.info.
Оған республика бойынша 50-ден астам іскер әйел жиналды.
Мұнда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауын талқылаймыз. Олардың ішінде әсіресе әйелдерге, отбасыға байланысты мәселер бойынша әңгіме өрбітеміз. Сондай-ақ бүгінгі кездесу барысында Қазақстанның Әйелдері күштері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, алда өтетін іс-шаралар жоспарын бекітеді, - деді Нұр-Сұлтан қаласының Әйелдер күштері альянсының төрайымы Назгүл Мақжан.
Мұндай үкіметтік емес ұйымдарды қалалық Ішкі саясат басқармасы әрдайым қолдайды.
Қазақстанның Әйелдері күштері альянсының мақсаты - саясатқа, мемлекеттік қызметке, бизнеске араласуына ниет білдірген қыз-келіншектерді тәрбиелеу. Бұл – Нұр-Сұлтан қаласындағы үкіметтік емес ұйымдардың бірі. Олармен үнемі тығыз қарым-қатынастамыз. Мұндай ұйымдар санының артқаны біз үшін өте маңызды. Мұндай ұйымдарды қолдаймыз әрі бірлесіп жұмыс істейміз, - деді қалалық Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов.
Іс-шара барысында Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Әйелдер күштері альянсы мен Нұр-Сұлтан қаласының Ішкі саясат басқармасы екіжақты меморандумға қол қойды.
Айта кетейік, биыл Қазақстанның Әйелдері күштері альянсының құрылғанына 3 жыл толып отыр.