«Ең көпұлтты оркестр»: Елордада жаңа әлем рекорды орнатылды
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезіне орай арнайы ұйымдастырылған бағдарламада «Ең көпұлтты оркестр» аталымы бойынша жаңа әлемдік рекорд тіркеліп, Гиннес кітабына енгізілді.
Жаңа бастаманың басты мақсаты – еліміздің көпэтносты және толерантты екенін әлемге кеңінен дәріптеу. Қазіргі таңда бүкіл әлем Қазақстанды 100-ден астам этнос пен 18 конфессияның өкілдері мекендейтін ел ретінде таниды.
Мәдени іс-шараның ұйымдастырылуына Назарбаев Университеті атсалысып, құттықтауға Парламент Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев қатысты.
«Ең көпұлтты оркестрдің» құрамында 75 этностың өкілдері бар. Барлық музыканттар – республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаттары.
Концерттік бағдарлама барысында Қазақстан Республикасы құрама оркестрінің, Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның камералық хорының орындауында қазақстандық авторлардың музыкалық композициялары мен әлемдік шығармалар шырқалды. Сондай-ақ би ұжымдары мен басқа да өнерпаздар өнер көрсетті.