Елордада башқұрт халқының «Йыйын» мерекесі өтті (ФОТО)
Мерекеде қала тұрғындары мен қонақтары үшін Башқұртстан, Ресей әртістері және Нұр-Сұлтан қаласының өнерпаздары халық әндерін орындап, мерекеге Сибай концерттік театр бірлестігі өнер көрсетті. Сондай-ақ ұлттық ойындар, дәстүрлі спорттық жарыстар өткізіліп, тұрғындар назарына этнокөрме ұсынылды. Елорда тұрғындары жарысқа белсене қатысып, ұйымдастырушылардан түрлі сыйлықтар алды.
Елордадағы «Русский дом» үкіметтік ұйымының өкілі Константин Воробьев Қазақстанда әрқашан өзге ұлт өкілдерінің мерекесі аталап өтілетініне ризашылығын білдірді.
Бүгінгі башқұр халқының дәстүрлі мерекесі керемет өтіп жатыр. Барша халықты бірлікке шақыратын мереке жыл сайын ұйымдастырылып отырады. Біз башқұр халқының әртістері орындаған ән арқылы және көрме мен спорттық жарыстарды көріп олардың салт-дәстүрімен таныстық. Қазақстанда әрбір ұлт өкілдерінің дәстүрлі мерекесі ауқымды түрде өтетінін өте қуантады. Бұл қазақстандықтардың өзге ұлтқа деген сыйластығын көрсетеді,-дейді Константин Воробьев.
Мерекелік жиынға келген қала тұрғыны Альбина Жұмағұлова өзге ұлт өкілдерінің мерекесіне қатысу арқылы көп қызықты ақпараттарды біліп алғанын жеткізді.
Қаламызда біздің ұлттық мерекеден бөлек осындай өзгеше мереке өткені қатты қызық. Біз көпұлтты мемлекет болғандықтан басқа елдердің де салт-дәстүріне құрмет білдіру дұрыс деп ойлаймын. Тек бұшқыр халқының емес, басқа да ұлттардың мерекесі ұйымдастырылып отырса тұрғындарға өте танымды ақпарат алуға болады,-дейді елорда тұрғыны.
Айта кетейік, «Йыйын» - башқұрт халқының ежелгі дәстүрлі әдет-ғұрыптар мерекесі ретінде айрықша маңызға ие. Ол жаз мезгілі мен теңдік белгісі ретінде аталып өтеді. Ерте кезден «Йыйын» мерекесі кезінде жастар арасында түрлі сайыстар өткізіліп, оның жеңімпаздарына айрықша құрмет көрсетілетін.