00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Елордада сәби сүйе алмай жүрген ерлі-зайыптыларға арналған конференция өтті

25 ақпан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елордада сәби сүйе алмай жүрген ерлі-зайыптыларға арналған конференция өтті
ашық дереккөз

Онда екі экстракорпоралдық ұрықтандыру рәсімі ойнатылды. «Ecolife.fest» – бұл «Астана ЭКОЛАЙФ» адам ұрпағын өрбіту медициналық орталығының 15 жылдығына орайластырылған әлеуметтік маңызы бар жоба. Ол Сона-Фарм (компанияның Қазақстандағы өкілдігі), Ферринг және Безен Хелскеа фармацевтикалық компанияларының қолдауымен жүзеге асырылады.

Қазақстанда бедеулік мәселесі жыл өткен сайын өзекті болуда. Ресми статистикаға сәйкес, Қазақстанда отбасылық жұптардың 15%-ы бедеуліктен зардап шегеді. Бұл – шамамен 350 мың отбасы. Жыл сайын 140 мыңға жуық неке тіркеледі, статистикаға сәйкес, олардың 20 мыңнан астамы бедеулік мәселесіне тап болуда.

Павлодардан келген Шынар Дүйсембаева ұзақ уақыт бойы сәбидің тәтті үніне зар болып жүрген. Бірақ үмітін үзбеген, ал қазір ол – егіздердің анасы.  

Күйеуім екеуміз ұзақ уақыт емделдік, маған бірнеше операция жасалды. Бірақ мен бала көтере алмадым Мен үмітімді үзе бастаған едім. Бірақ «Аңсаған сәби» бағдарламасының арқасында қазір мен егіздердің анасы болып отырмын. 21 қазанда бір жасқа толамыз. Әлішер ерке, өзіне назар аударғанды ұнатса, ал Малика өте ұстамды және сабырлы. Маған және басқа да көптеген ата-аналарға осындай қуаныш сыйлаған дәрігерлерге шексіз ризамын және алғысымды білдіремін. Сонымен қатар, бізді қызықтыратын барлық мәселелер бойынша кеңес беруге дайын емхана дәрігерлерімен үнемі байланыста боламыз, – деді егіздердің анасы.

Елорда тұрғыны Әйгерім Құрманғалиеваның жеті жыл бойы ана атануға жасаған талпынысы сәтсіз аяқталған. ЭКҰ жасатудың екі әрекеті сәтсіз болған.

2021 жылы мен ЭКО бағдарламаларының квотасы туралы білдім. Мен қажетті құжаттарды тез жинап, тапсырдым. Екі апта ішінде нәтижесі белгілі болды. Маған квота мақұлданып, емханада процедура жасалды. Жүктіліктің барлық кезеңінде мен білікті мамандардың бақылауында болдым. Қазір менің қызым 7 айлық. Кәсіби шеберлігі мен мейірімді жүрегі үшін емхана дәрігерлеріне алғысым шексіз, – деді Әйгерім Құрманғалиева.

Біздің мамандар бедеулік факторларын тани алады, оларды қалай жеңуге болатынын ұсына алады, сондай-ақ қазіргі кезде бар емдеудің әртүрлі әдістерін қолдана алады, - деді «Астана ЭКОЛАЙФ» адам ұрпағын өрбіту медициналық орталығының бас директоры Алмагүл Ахметова.

 «Ecolife.fest» – пациенттерге бейресми жағдайда дәрігерлермен сөйлесуге және олардың көкейінде жүрген сұрақтарды қоюға мүмкіндік беретін алаң. Бұл жоба ерлі-зайыптыларға өз армандарына бір қадам жақындауға және ата-ана болу үшін көптен күткен бақытқа қол жеткізуге көмектесуге арналған. Тегін конференция аясында «Астана ЭКОЛАЙФ» емханасының екі ЭКҰ рәсімі мен басқа да қызметтері ұтыс ойыны ретінде ойнатылды.