Кіші Талдыкөлде 350-ге жуық ағаш отырғызылды
Іс-шара Кіші Талдыкөл көлінің аумағын абаттандыруға, қаланы көгалдандыруға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.
Барлық саны 350-ден астам ағаш егілді. Олар: «кәдімгі тал» және «қарағаш». Бұл іс-шара алдағы уақытта да жалғасын табады. 1-кезеңде 600-ден астам ағаш отырғызу жоспарлануда.
Іс-шараға 100-ден астам адам қатысты. Олар: қала тұрғындары, Нұр-Сұлтан қаласының жастар саясаты мәселелері басқармасының «Астана Жастары» жастар ресурстық орталығының еріктілері және эко-белсенділер.
Бүгін қалалық Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы Кіші Талдыкөл аумағында ағаш отырғызу жұмыстарын жүргізуде. Бұл сенбіліктің мақсаты – қаламызды жасылдандыру, ағаш санын көбейту, Кіші Талдыкөл маңын абаттандыру. Осы аумақта рекреациялық аймақ салу жоспарланып отыр. Соған орай жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде, - деп атап өтті Нұр-Сұлтан қаласы Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы бөлімнің бас маманы Сағыныш Сағынтаев.
Мұнда экопарк құру жоспарланған. Кіші Талдыкөл су объектісіндегі су балансын сақтап, рекреациялық аймақ құру бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.
Сондай-ақ тағы 300 ағаш отырғызу жоспарлануда. Бүгін 1, 2, 3-қатарларға талдар егілді. Олар ылғалға төзімді. Әрі қарай кіші Талдкөлдің көше жақ бөлігінде қарағаш отырғызылды. Сонымен қатар, қыркүйек-қазан айларында елордада жыл сайынғы «Birge – taza Qazaqstan» күзгі экологиялық айлығын өткізу жоспарланып отыр, оның аясында жаппай ағаштар отырғызылады. Қазіргі уақытта Кіші Талдыкөл көлінде Сығанақ - Қазыбек би, Р.Бағланова көшелерінің қиылысында «рекреациялық аймақ» салу жоспарлануда. Жоба қалалық ортаны табиғи табиғатпен біріктіруге бағытталған, - деді қалалық Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының табиғатты пайдалануды және құқықты реттеу саласындағы мемлекеттік қызметтер бөлімінің бас маманы Уәлихан Қуанышев.
Жобада су түбін тереңдету, су түбінен, лайдан және басқа да зиянды шөгінділерден тазарту, орташа тереңдікті арттыру, су балансын сақтау жұмыстары қарастырылған. «Рекреациялық аймақ» су қорғау аймағы мен жолағы, едендік шамдары бар жаяу жүргіншілер жолы орнатылатын су қоймасынан тұратын болады.
Аймақ аумағы шағын архитектуралық нысандармен, тұрғындар демалатын орындармен абаттандырылып, көгал шөптері егіліп, жасыл желектер отырғызылатын болады. Осылайша, Кіші Талдыкөл елорданың көрікті жеріне айналмақ.