00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Елордалық ҚХА Қазақстанның киелі жерлерін аралады

25 ақпан, 2023
Айман Нығмет Айман Нығмет
Елордалық ҚХА Қазақстанның киелі жерлерін аралады
ашық дереккөз

Сапардың негізгі мақсаты – еліміздің тарихи маңызы бар жерлерін аралап, келешек ұрпаққа оны жіті таныстыру.

Сапар бағыты Екібастұз қаласы Ақкөл-Жайылма ауылы, Баянауыл ұлттық табиғи саябағы, Қоңыр әулие үңгірі, Мәшһүр Жүсіп Көпеев кесенесі және Әулие бұлақ бұлағына жасалды.

Елордалық Достық үйі алаңынан жинақталып, жолға шыққан топ, ең алдымен Павлодар облысы Екібастұз қаласы маңындағы ауылға барып Исабек Ишан мешітіне барып, құран бағыштап, мұражайымен танысты.

Одан әрі делегация Павлодар облысындағы Баянауыл ауылының солтүстік-шығысында, 17 км қашықтықта орналасқан «Қоңыр әулие» үңгіріне барды. Баспалдақтардың ұзындығы 110 метр, үңгірдің жалпы ұзындығы 30 метр болатын Қоңыр Әулиеге тағзым етіп, жақсы ниетпен тілек тілеп шықты.

Саяхатқа барған делегация мүшелері «Таза Баян – Таза Жүрек» экологиялық сенбілігін ұйымдастырып, өз үлестерін қосты. Барлығы бірге көлдің жағасын қоқыстан тазартты.

Келесі кезекте Мәшһүр Жүсіп Көпеев кесенесі және Әулие бұлақ бұлағына археологиялық-этнографиялық қорым ескерткішіне жол басталды.

Кесене шырақшысы келген делегацияға Мәшһүр Жүсіп Көпеев туралы толыққанды мағлұматтар беріп, қатысушылар көкейдегі сұрақтарына жауап алды. Сондай-ақ кесене басына барған делегация мал шалып, құран оқып, малдың етін елордадағы тұрмысы төмен отбасыларға таратып берді.

Біздің қасиетті жерлерге жасаған сапарымыз керемет әсер қалдырды. Әсіресе Мәшһүр Жүсіп Көпеев бойындағы қабілеттерін естіп таң қалдым. Ол кезде білім әлі берілген жоқ, бірақ сонда да қаншама сынақтардан өтіп, өзін дәлелдеп шыққан. Қазір оны барлығы танып білу үшін жан-жақтан саяхатпен келіп жатыр. Сондай-ақ, Қоңыр Әулие үңігіріне бардым. Ол жаққа көтерілу мен үшін қиын болды. Айналасындағы табиғаттан ерекше әсер алдым. Қазақстандағы мұндай ғажайып орындардан бейхабар едім. Мұндай жерлерге алғаш рет келіп отырмын. Мұнда ғасырлар бойы жатқан тастар мен таулар, олардан өсіп шығып тұрған қайыңдар ерекше әсер қалдырды. Келешек ұрпақ өз елінің тарихын міндетті түрде біліп, дамуы керек және өткенді білуі қажет. Өткенсіз болашақ жоқ, - деп өз әсерімен бөлісті делегация мүшесі, елордалық кәріс этномәдени бірлестігінен Пак Надежда Васильевна.

Айта кету керек, елордалық ҚХА бұған дейін Ақмола, Қарағанды облыстарының киелі жерлеріне саяхаттаған болатын. Мұндай сапарлар алдағы уақытта дәстүрлі түрде өтетін болады.