00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Елордада Талғат Бигелдиновтің рухына тағзым етілді

Елордада Талғат Бигелдиновтің рухына тағзым етілді
ашық дереккөз

Іс-шара есімі ел есінде мәңгі қалған Талғат Бигелдиновті бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Содан кейін қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Халық Қаһарманы, армия генералы, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Мұхтар Алтынбаев батырдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ іс-шараға қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, ұшқыш, Кеңес Одағының Батыры Тоқтар Әубәкіров, Сарыарқа ауданының әкімі Жүсіп Жұмағұлов, Қорғаныс министрлігі Әуе күштерінің өкілдері қатысты.

Көк жүзінде ерліктің ерекше үлгісін көрсеткен аты аңызға айналған біртуар тұлға туралы ғарышкер Тоқтар Әубәкіров айтып берді.

Талғат Бигелдинов – Екінші дүниежүзілік соғыста өшпес ерліктер көрсетіп, небәрі 23 жасында екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атанып, еліміздің мәртебесін биікке көтерген біртуар азамат. Оның қайталанбас ерліктері – өскелең ұрпақ үшін үлгі. Ол – қазақ халқын, Қазақстанды бүкіл әлемге танытқан, мәртебесін арттырған ұлы тұлға. Осындай батыры бар бақытты халықпыз, - деді Тоқтар Әубәкіров.

Сондай-ақ армия генералы Мұхтар Алтынбаев та өшпес ерліктер көрсеткен Талғат Бигелдинов туралы пікірін білдірді.

 Бүгін біз Талғат Бигелдиновтің ерлігіне тағзым етіп, құрмет көрсету үшін жиналдық. Біздің жүрегімізде даңқты батыр туралы жарқын естеліктер мәңгі сақталады. Ол ерен ерлік пен батылдықтың, әскери шеберліктің пен Отанға адалдықтың, ерекше үлгісін көрсетті. Біртуар тұлғамыз қашан да ұлықталуы керек, - деді Мұхтар Алтынбаев.

Айта кетейік, Талғат Бигелдинов 1922 жылы 5 тамызда Ақмола облысы аумағындағы Майбалық ауылында туған. Ол 1944 жылғы 26 қазанда Кеңес Одағының батыры атағын алды. Екінші рет 1945 жылдың 27 маусымында марапатталды. 1943 жылғы қыркүйекте Днепр үшін ұрыста Талғат Бигелдинов жауға аянбай қарсы тұрды. Бұл шайқаста оның ұшағы зақымданып, өртене бастайды. Сонда даңқты ұшқыш ұшағын жау техникасы жасырылған жаққа бағыттап, өзі ұшақтан секіріп кетеді.

Талғат Бигелдинов – жаудың жойғыш ұшағын дәл көздеп атып түсірген тұңғыш шабылдаушы-ұшқыш. Жас Талғаттың бұл жаңа әдісі жоғары бағаланып, ол соғыстағы алғашқы марапаты - Екінші дәрежелі Отан соғысы орденін алды. Ұшақпен көк жүзінде 500 сағат болған. ИЛ-2 шабуылдаушы ұшағымен 305 рет әскери шабуылға шығып, жау ұясы – Берлинді алуға бірінші болып қатысқан.

АЯУЛЫМ СЕРІК