Нұр-Сұлтанда жол ережесін бұзған электросамокатшы ұсталды (ВИДЕО)
Достық және Түркістан көшелерінің қиылысында жас жігіт электросамокатпен жаяу жүргіншілер өткелімен келе жатқан. Бұл жол қозғалысы ережесін бұзудың бірінші рет емес екені анықталды және бұған дейін елорда тұрғыны ҚР ҚК 615-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған болатын.
Электросамокат мінген жас жігітке қатысты әкімшілік іс қозғалды және сотқа қарау үшін жіберілді.
Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған ЖҚЕ бұзғаны үшін оған 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Елордада 19 шілдеден бастап «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасы өтуде. Іс-шара басталғаннан бері 8 мыңнан астам жол қозғалысы ережелерін бұзу анықталды, оның ішінде жаяу жүргіншілерге қозғалыс кезінде басымдық бермегені үшін 215 жүргізуші ұсталды. Апатты жағдай туғызғаны үшін 195 жүргізуші мен мас күйінде 68 жүргізуші ұсталды. Арнайы тұраққа 222 көлік құралы орналастырылды.
Сонымен қатар, жедел алдын алу шарасы басталғаннан бері 1 700-ден астам жол ережесін бұзған жаяу жүргіншілер ұсталды. Жыл басынан бері елордада жол ережесін бұзған 13 мыңға жуық жаяу жүргіншілер анықталды, – делінген Полиция департаментінің хабарламасында.
Полицейлер жол қозғалысы ережелеріне сәйкес самокатпен тек жаяу жүргіншілер жолымен және велосипед жолдарымен жүруге болатынын, ал жолдан өткен кезде электросамокатты өзіне жақын жерде жүргізу керектігін атап өтті.