Е.Сәденов: Өткен тәулікте 30 автокөлік айыппұл тұрағына қойылды

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Е.Сәденов: Өткен тәулікте 30 автокөлік айыппұл тұрағына қойылды
ашық дереккөз

Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің бастығы Ержан Сәденов төтенше жағдай режимі кезіндегі атқарылып жатқан шаралар жайлы мәлім етті, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі. «Қаламызда 30 наурыздан бастап төтенше жағдай режимі күшейтілді. Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті инфекция таралуының алдын алу үшін барлық қажетті шараларды қабылдады. Патрульдік жасақтар көбейтілді. Азаматтардың және автокөліктердің қозғалысы қаланың барлық ауданында қатаң бақылауға алынды. Полиция қызметкерлері қалада тәулік бойы қызмет атқаруда. Мобильдік топтар және жаяу нарядтар, блок бекеттердегі жағдайды дрон, өзге де техникалармен бақылауға алып отырмыз», - дейді Ержан Сәденов. Департамент басшысы өз сөзінде өткен тәуліктегі жағдайдан хабардар етті. «Елорда аумағы шаршыға бөлінді. Әрбір шаршыдағы жағдайды тәртіптік сақшылар бақылап отыр. Қалада 26 мобильдік бекет қойылды. Олар автокөлік жұмысын бақылап отыр. Тек өткен тәулікте 1 500-ге жуық жүргізушіге және 200-ден астам жаяу жүргіншіге профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Ал 30 автокөлік арнайы айыппұл тұрағына қойылды», - деді ол. Полиция басшысы сөз арасында көшеге кімдердің шығуына болатынын тізбектеп айтып берді. «Еске сала кетсек, осы жылдың 28 наурызынан бастап елордада келесі адамдарға ғана жүруге рұқсат етіледі: Бірінші - азық-түлік алуға, екінші - медициналық қызметтерге жүгінуге немесе дәрі-дәрмек сатып алуға, үшінші - жұмысқа бару үшін. Қалған азаматтардың үйден шығуына шектеу қойылды», - дейді департамент басшысы.