Елордада 14 мыңнан астам үй газға қол жеткізді
Елорданың екі ауданы Сарыарқа мен Алматы толығымен газдандырылды. Ол үшін 680 шақырымнан астам газ тарату желісі төселіп, орамішілік желілер тартылды. Осылайша 14 мыңнан астам үй газға қол жеткізді, 6 мыңнан астам үй техникалық шарт алды. Бұған қоса, қазірдің өзінде 3,6 мыңнан астам үй (25 пайыздан астам) газға қосылған. Әлі 220 шақырым газ құбыры тартылмақ.
Ал Есіл және Байқоңыр ауданында газ құбырының құрылысы енді басталады. Атап айтсақ, Ильинка (Үркер), Өндіріс, Пригородный, Телман «Family Village», «Garden Village» елді мекендері мен шағын аудандарында 2022 жылдың қыркүйегінде газ тарату желілерінің құрылысын бастау жоспарланған.
Биыл қыста жеке секторда газға қосылған үйлердің арқасында ауа әлдеқайда тазарды. Бұл айтарлықтай байқалды. Мысалы бұған дәлел ретінде Оңтүстік-шығыс ауданды айтуға болады.
Айта кетейік, мұқтаж жандарға газға қосылуына әлеуметтік көмек бөлінеді. Әлеуметтік көмек мөлшері 200 мың теңгеден 400 мың теңгеге дейін ұлғайтылды, қала тұрғындарының бәріне тегін негізде есептеуіштер беріледі. Сондай-ақ қала тұрғындарының өз үйін газға қосу үшін құжаттар тізімі 2 есеге қысқартылды. Бұрын құжаттарды жинауға 6 айға дейін уақыт кететін.
Бұдан басқа, ЖЭО-1 және ЖЭО-2-нің 13 су жылыту қазандығы газға ауыстырылды, ЖЭО-3 құрылысы қайта басталды, жаңа құрылыс аудандарын жылумен қамтамасыз ету үшін 3 жергілікті газ қазандығын жобалау жұмысы жүріп жатыр.