Елордада Құрбан айттың құрметіне спорттық сайыс өтті
Таң сәрімен республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы уағыз айтып, жамағатпен бірге айт намазын оқыды.
Қасиетті Құрбан айт – мұсылман жұртшылығының ұлық мерекесі. Айт – сөзі «әл-ғиду» сөзiнен шығып, мереке, мейрам, қуаныш деген мағыналарды білдіреді. Қасиетті «Құрбан айт» күні мұсылман адам айт намазын оқып, құрбан шалып, айт мерекесімен өзгелерді құттықтап, қайырымды істер атқаруға тырысады, – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Еліміздегі зәулім мешітке жиналған жамағат Бас мүфтимен бірге елдің амандығы, тыныштығы үшін дұға тілеп, құрбан шалуға ниеттенді.
Бұдан кейін ҚМДБ Төрағасы мешіт ауласында өткізіліп жатқан асық ату, арқан тартыс, қол күрес және гір тасын көтеру сыңды спорт түрлерінің куәсі болды.
Сондай-ақ киіз үйде арнайы жайылған дастарқаннан дәм татып, келген қонақтарға батасын берді.
Құрбан айт мейрамына арнайы ұйымдастырылған спорт шарасының негізгі мақсаты – мешіт жамағаты арасында дене шынықтыру мен спортты, салауатты өмір салтын насихаттау. Сонымен қатар, Исламның дәстүрлі емес ағымының жетегінде жүрген жандарға асыл діннің оң жолын көрсету арқылы оларды бауырға тарту, - деп атап өтті ұйымдастырушылар.
Құрбан Айт мейрамы – мұсылмандардың ең маңызды мерекелерінің бірі, ол Ораза аяқталғаннан кейін 70-күні тойланады. Осы жылы Құрбан айт шілденің 9-ы күні басталып, үш күнге жалғасады.
Шара соңында сайыс жеңімпаздарына алғыс хат және естелік сыйлықтар табысталды.
Ұлық мейрамға жиналған жамағат бір-біріне жылы тілектерін, ықылас-ниеттерін білдіріп, мешіттің ұжымына ризашылықтарын айтып, көтеріңкі көңіл-күймен тарасты.
Осылайша, Құрбан айттың бірінші күні елордадағы барлық мешітте айт намазы оқылып, мерекелік іс-шаралар аталып өтілді.