Елордалық Айдос Есмағамбетов Жамбыл Жабаевтың мүсінін жасап шығарды (ВИДЕО)
Суретші, гиперреалист мүсінші ол бұған дейін қазақтың ұлы ақыны Абайдың, әйгілі хан Абылайдың, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың, АҚШ-тың бұрынғы президенттері Барак Обама мен Дональд Трамптың, еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтің, әнші Роза Бағланованың және басқа да тұлғалардың бейнесін силиконнан сомдаған.
Гиперреалистік мүсін жасау — шығыны көп жұмыс, – дейді Айдос. – Әр тал қылды жабыстырудың өзі көп уақыт алады. Бір фигураны дайындап шығуға кемінде төрт ай, әрі кеткенде бір жыл уақытым кетеді. Барлық қажетті материал, оның ішінде силиконды АҚШ-тан тапсырыспен алдырамын. Ал бейнелерді фотоға қарап отырып жасаймын.
Мүсінші бүгінде елордада тұрады. Бұл өнерге шабыттандырған Мадам Тюссо мұражайындағы туындылар дейді ол.
Еске салсақ, Айдос Есмағамбетов — Қазақстандағы тұңғыш гиперреалист мүсінші.