Елордада «Түнгі қаладағы балалар» жедел алдын алу іс-шарасы басталды
Нұр-Сұлтан қаласы ПД ювеналдық полиция қызметкерлері жергілікті атқарушы органдардың, білім беру, денсаулық сақтау органдарының өкілдерімен және ата-аналар комитеттерімен бірлесіп, жедел алдын алу іс-шаралары шеңберінде жергілікті-рейдтік іс-шаралар өткізеді.
Іс-шараның мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, балалар мен жасөспірімдердің заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде және тұрғын үй-жайлардан тыс жерлерде болуына жол бермеу. Бұдан басқа, алкогольдік ішімдіктерді пайдаланатын, тыныштықты бұзатын, ұсақ бұзақылық жасайтын кәмелетке толмағандарды, сондай-ақ оларды қоғамға жат іс-әрекеттер жасауға тартатын адамдарды анықтау бойынша жұмыс жасау және профилактикалық әңгімелесулер жүргізу.
Тәртіп сақшылары қоғамға жат әрекеттерді анықтау мақсатында үйлердің аулаларын, саябақтарды, скверлерді және жастар мен кәмелетке толмағандар шоғырланатын басқа да орындарды тексеруді ұйымдастыратын болады.
Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті ата-аналарға балаларының орналасқан жерін бақылап, олар үшін толық жауапкершілік алу керектігін, кәмелетке толмағандарға түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде сағат 22:00-ден 6:00-ге дейін, ал тұрғын үйден тыс жерде заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз сағат 23:00-ден 6:00-ге дейін болуға тыйым салынғанын еске салады.