1 маусымда елордада балаларға арналған 60-тан астам іс-шара өткізілді
Таңертең Demalys Promenad аумағында балалардың асфальтта сурет салу фестивалі өтті. Онда бормен боялған туындыларды көруге болады.
Ал фестивальдің қасында қолөнершілердің қолмен тоқылған ойыншықтары, кестелері, киіз бұйымдары қойылды.
Балалар жылы аясында биыл 1 маусым мерекесін ерекше атап өту жөнінде шешім қабылдадық. Мастер-класс, асфальтта қалалық сурет салу конкурсы, балалар жұмыстарының жәрмеңке-көрмесі ұйымдастырылды. Таңертең ауа райына бұлтты болғанына қарамастан балалар көп келді, - деді Балалар көркемсурет мектебі директорының орынбасары Раиса Мұратова.
Ал жолдың арғы бетінде орналасқан Арбатта, М.Өтемісов атындағы Оқушылар сарайының алдындағы алаңда бүлдіршіндерді аниматорлар, мультфильм кейіпкерлері қарсы алды. Балалар олармен бірге конкурстарға қатысып, жұмбақтар шешіп, спорттық ойындар бойынша жарысты.
Астаналық саябақта қазақтың ұлттық ойындарына, сондай-ақ экологиялық және туристік конкурстарға баса назар аудару туралы шешім қабылданды.
Біз балалардың алдына қажетті және қажет емес заттарды қойдық. Олардың алдында рюкзак, шатыр, арқан, су бөтелкесі, ұйықтайтын сөмке, ерін далабы және тағы басқалар болды. Шарт бойынша ішіндегі артық затты таңдау қажет. Бұл заттарға қарап мұның бәрі табиғат аясына шығатын кезде қажет болатын заттар екенін тұспалдап білуге болады, - деп атап өтті ұйымдастырушылар.
Оның қасында жасөспірімдерге қоқысты бөліп тастаудың пайдасы туралы айтылды, сол сияқты келушілер арасында арт-терапия жүргізілді.
Ұлттық қазақ ойындары: арқан тарту, ләңгі тебу, асық ату бойынша спорттық жарыстар мерекенің көркін қыздырды.
Сонымен қатар елордалық Жетісу саябағы жас астаналықтарды құттықтады. Мұнда ең белсенді және ептілер спорттық жарыстан сынға түсті, ал музыкамен әуестенетін балалар өздерінің вокалдық қабілеттерін көрсетті. Сурет және сәндік-қолданбалы өнер бойынша шеберлік сабағына қатысып, бейнелеу өнерінде өз дарынын көрсете білді. Жиылған жұрт квест, флешмобтарға қатысты.
Айта кетерлігі, таңертең күн бұлтты болғанмен ауа райы қолайлы болды. Бұл мерекені толық көлемде Триатлон-паркте өткізуге мүмкіндік берді. Онда 250-ден астам бала батпырауық ұшырды.
«Армысың, жаз!» мерекелік концерті Жерұйық саябағында №2 және №3 Балалар музыка мектептерінің қатысуымен өтті.
Президенттік саябақта балалар «Балдәурен балалық шақ» театрландырылған бағдарламасына және асфальтта сурет салу конкурсына қатысты. Ал Жастар саябағында жиылған жұрт коляскалар шеруіне, еңбектейтін балалар байқауына қатысты.
Бұл күні қалада балаларға арналған бірнеше аула алаңы ашылды. Мұның барлығы концерттік бағдарламамен және «Мен тұратын аула» суреттер байқауымен жалғасты.
Мерекелік іс-шаралардан елді мекендер де шет қалған жоқ. Теміржолшылар, Өндірістік, Достық, Интернационалды, Күйгенжар, Мичурин елді мекендерінде мерекелік бағдарламалар ұйымдастырылды. Балалар қимыл-қозғалыс ойындарын ойнады, ән айтып, би биледі, сондай-ақ түрлі конкурстар өткізілді. Тегін балмұздақ тарату балалардың есінде ерекше қалды.
Елді мекендердің бірінің тұрғыны Гүлжамал Қалкенова осындай мерекелік іс-шаралар ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді.
Бірінші кезекте бұл – қарым-қатынас, сыртқы әлеммен байланыс орнату. Ойын барысында бала ойлауға, ақылн қолдануға және жаңа дағдыларды алуға үйренеді. Ересек болсақ та балалық шағымызға оралып, сол кезеңді еске түсіру біз үшін де ерекше болды, - деді ол.
Қаланың жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы мен әкімдіктің «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы балалар жылы аясында «Бала – еліміздің ертеңі» атты мерекелік іс-шара өткізді. Басты қонақ ретінде ерекше қажеттіліктері бар балалар қатысты.
Елорданың шығармашылық ұжымдары оларға театрландырылған қойылымдар қойып, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Балалар мерекесін Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның «Қорқыт» этно-ансамблі және өнер мектебінің «Артспорт» ансамблінің әншілері Шолпан Қорғанбек жалғастырды.
Ерекше қажеттіліктері бар балаларға Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы демеушілердің қолдауымен естелік сыйлықтар табыстады.
Балаларымыздың балалық шағы бақытты болуын тілеймін! Аспанымыз әрқашан ашық, бейбіт, балалардың әрбір күні мейірімге және қызыққа толы болсын! Біз ересектер балаларымыздың балалық шағы бақытты болуына жауапты екенімізді ұмытпауымыз керек! - деді «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығының директоры Әсемгүл Садыр.