Елордада Қаржаубай Сартқожаұлының мерейтойына арналған конференция өтті
Конференция түркі халықтарының қарым-қатынасын нығайтуға және Түркітілдес мемлекеттердің мәдени интеграциясын өткізуге, сондай-ақ түркологияның өзекті мәселелерін талқылауға бағытталды.
Іс-шараны ашқан Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Дихан Қамзабекұлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің және т.б. құттықтау хаттарын оқып берді.
Мемлекет басшысы өзінің құттықтау хатында белгілі түрколог ғалым Қаржаубай Сартқожаұлының еліміздің өркендеуіне қосқан зор үлесін атап өтті.
Сіз Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу орталығын құрып, Түркі жазуы тарихы мұражайының ашылуына үлес қостыңыз. Сіз түркі халықтарының баға жетпес рухани байлығы саналатын ежелгі дереккөздерді зерттеуде үлкен жұмыс атқардыңыз. Сіздердің арқаларыңызда бүгінгі ұрпақ тас мүсіндерде, соның ішінде Күлтегін ескерткішінде қалдырылған ата-бабаларымыздың жазбалары мен өсиеттерін біледі. Орхон ескерткіштері атласының монографиясы ғалымдар арасында жоғары бағаланды. Бүгінде Ұлы дала өркениетіне және оның жетістіктеріне деген қызығушылық артып келеді. Сіздің ізбасарларыңыз жоғары жеңістерге жетіп, еліміздің даңқын арттыруын тілеймін. Сіздерге зор денсаулық, ұзақ өмір және бақыт тілеймін, - делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.
Проректор Дихан Қамзабекұлы Ғылыми кеңестің шешімін жеткізе келіп, Қаржаубай Сартқожаұлын университеттің құрметті де ең жоғары наградасы – «Гумилев» медалімен марапаттады.
Конференция аясында ҚР ҰҒА академигі Оразақ Исмағұлов пен профессор Айнагүл Исмағұлова, Хакас тіл, әдебиет және тарих ғылыми-зерттеу институтының профессоры Алексей Нилогов, ғалымдар Зейнолда Самашев, Нұрлан Атығаев, Марат Әбсеметов және т.б. ғылыми баяндама жасады.
Бұл күні ЕҰУ Түркология және алтайтану ҒЗО директоры, белгілі түрколог Қаржаубай Сартқожаұлының «Байырғы түркі тілінің ежелгі мұрасы» және «Керейлердің этникалық тарихы» кітаптарының тұсаукесері өтті.
Белгілі түркітанушы ғалым 17 монография мен жинақтың, 260-тан астам ғылыми мақаланың авторы.