Биыл елордаға 1 251 Ресей азаматы келген
Елордалық гарнизон қызметкерлері жедел алдын алу іс-шараларын өткізу кезінде шетелдік азаматтардың Қазақстанда болу ережелерін бұзудың 633 фактісін анықтады.
Жыл басынан бері келген шетелдіктердің 10 мыңға жуығы ТМД азаматтары, ал алыс шет елдерден 3,5 мыңнан астам адам келді. Мысалы, елордаға алыс шетелден уақытша келген азаматтар Түркиядан 369 адам, Үндістаннан 148 адам және 317 Ұлыбритания азаматы. Елордада биыл ТМД елдерінен 6 200-ден астам Өзбекстан азаматы, 1 251 Ресей азаматы, 871 Қырғызстан азаматы және Тәжікстаннан 973 адам келді, – делінген Полиция департаментінің ақпаратында.
Негізінен шетелдіктер елордаға жұмыс істеуге келеді, осындай мақсатпен келген шамамен 10 мың азамат тіркелді. Елордаға оқуға 588 шетелдік студент келген.
2022 жылдың басынан бері шетел азаматтарының Қазақстанда болу ережелерін бұзғаны үшін 1 814 шетел азаматы анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен елден 410 шетелдік шығарылды.
Полицейлер шығарып жіберу туралы шешімнің орындалмауы қылмыстық жазаланатын әрекет болып табылатынын және қылмыстық заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылатынын атап өтті.
Көші-қон қызметінің қызметкерлері елордада шетелдіктердің болуын, олардың шетел азаматтарының құқықтық жағдайы туралы заңнама талаптарын сақтауын, олардың елден уақтылы кетуін тұрақты түрде бақылайды. Қала аумағында заңсыз көшіп-қонушылар мен ішкі істер органдарында уақтылы тіркелмеген тәртіп бұзушыларды анықтау үшін жүйелі түрде рейдтер жүргізіледі.